Huawei компаниясы алғашқы рет 16-дюймдік ноутбукты 2021 жылы шығарған болатын. AMD процессорына негізделген бірінші МateBook D16 өте сәтті шығарылған әрі өзінің жақсы қырларымен танылған ноутбук болды. Биыл оның орнына диагоналі бірдей, бірақ дисплейдің жақтарының арақатынасы өзгерген, сондай-ақ, ең маңыздысы, 12-ші буындағы Core i7 мықты процессорымен жұмыс істейтін жаңартылған нұсқасы шығарылды. Бұл шолуда біз компанияның ең мықты ноутбугының жаңартылған нұсқасының қандай жаңалықтары бар екенін талдаймыз.
Дизайны
Қарапайым әрі ыңғайлы. Huawei MateBook D16 2022 дизайнын осылай екі ауыз сөзбен сипаттауға болады. Сырттай жаңа үлгі MateBook сериясындағы кез келген басқа ноутбукке ұқсайды. Бұл жаман емес, дегенмен сырты тегіс және тартымды болғанымен, тым болмағанда түсі өзгерсе жақсы болар еді. Қазақстанда ноутбуктың бір түсте сатылады.
Металл корпусы жақсы жинақталған. Ол өте мықты және ұзақ қызмет ететін құрылғы секілді көрінеді. Салмағы 1,7 кг болатын ноутбук өте жеңіл көрінеді, оны жұмысқа және үйге тасымалдағанда еш қиындық көрмедік.
Ноутбук қақпағының ең үлкен ашылу бұрышы 155 градус шамасында. Жолда жұмыс істеу үшін бұл өте ыңғайлы. Дегенмен, топсасы тығыз тартылғандықтан қақпағын бір қолмен аша алмайсыз. Бұдан бұрынғы нұсқасында төменгі панельде орналасқан арнайы ойық осы әрекетті жеңілдететін, ал бұл нұсқада ол ойық жоқ. Оның орнына — жоғарғы жақта экран жақтауының жалғасы болып табылатын шағын пластик шығыңқысы бар. Оны саусақпен оңай іліп алып, жоғары көтеруге болады.
Дисплейдің бүйір жақтаулары бұрынғыдай өте жіңішке, ал жоғарғысы сәл жалпақтау, әзірлеушілер камераны үйреншікті орнына қайта орналастырыпты. Huawei инженерлері пернетақта қатарына орналастырылған камераның ракурсын ұната қоймаған пайдаланушылардың шағымдарын ескерген болу керек.
Порттары өте көп: екі USB-C (біреуі Thunderbolt қолданады), екі USB-A порты, HDMI және 3,5 мм аудиожалғағыш.
Дисплейі
Жаңа үлгінің дисплейі – шешілімі 1920 х 1200 пиксельге тең және жақтарының арақатынасы 16:10 болатын 16-дюймдік панель («браузерде өмір сүретіндерге өте ыңғайлы болады»). Сонымен бірге Huawei sRGB 100% гаммасы бар және жарықтығы 300 нитке тең деп жариялады.
Экранның корпусқа 90%-дық мықты арақатынасы арқасында Huawei осы үлкен экранды 15,6 дюймдік ноутбуктың әдеттегі корпусына сыйғызып жіберген! Боялары ашық, ал түсті беру қабілеті сізді таң қалдырады. Оған қоса компания түнде жиі жұмыс істейтін адамдардың да жағдайын ойластырып қойған: көк түстің төменгі деңгейі және жыпылықтауды жою технологиясы үшін дисплей TÜV Rheinland сертификатын алған.
Мұның барлығы күн жоқ жерде үй-жайда жұмыс істеу үшін ыңғайлы болғанымен, күн жарқырап тұрған уақытта далада жұмыс істегіңіз келсе, жарықтың жетіспеушілігінен экранда не болып жатқанын көру қиынға соғады. Дисплейдің бұлыңғыр жабыны сәл көмектеседі, бірақ орныңызды және экранның ракурсын ауыстырған дұрыс болады.
Камерасы
Ноутбуктарда сирек кездесетін жаңа 1080р камера. Шолу бұрышы кең (178º) болғандықтан бейнені нақ көрсетеді. Камераның Huawei «Басқару панелі» арқылы қосылатын бірнеше алдын ала орнатылған функциялары бар. Мұнда:
- артқы жаққа кеңсенің, қонақ бөлмесінің немесе басқа бейнені қою арқылы фонды өзгерту мүмкіндігі;
- автоорталықтандыру функциясы, бейнені сіз кадрдың ортасында қала беретіндей автоматты жақындатады;
- көзқарасты өзгерту функциясы, сізбен сұхбаттасушы адам сіздің көзіңіз экраннан тайып кеткенін байқамай қалады.
Мұнда пайдаланушыға бағытталған төрт микрофон бар екенін айта кету керек, — олар корпустың алдыңғы жағында, тачпадтың жанында орналасқан. Дауыс бұрмаланбай, жақсы шығады, сіз ноутбуктан бірнеше метрге алшақтап кетсеңіз де жақсы естіледі.
Пернетақтасы
Huawei пернатақтаға жарықтандыру мен сандық пернетақта қосып, бос кеңістікті мейлінше пайдаланған. Сандық пернетақта — заманауи ноутбуктарда сирек кездеседі, осының арқасында ол сандармен байланысты кез келген жұмыс үшін тамаша портативті машинаға айналды. Пернетақтаның жүрісі 1,6 мм-ге тең, бұл пернетақтамен жанасуды жағымды етеді, әрбір пернені батыра басқанда амортизациясы жақсы жұмыс істейді. Бұл ұзақ уақыт бойы мәтін тергенде көп шаршамау үшін өте ыңғайлы. Сандық пернелер QWERTY секциясын ысырып тастағаны үйреніп кету үшін біраз уақытты талап етеді, бірақ солға қарай біраз жылжуды үйреніп алған соң, көзді жұмып тере беретін боласыз.
Пернетақтаның тағы бірнеше артықшылығы бар: сандық блок үстіндегі End, Home және PageUp/Down пернелерінің орнына функционалды пернелер жиынтығы орналасқан. Олар калькуляторды қосу, іздеу (Ai Search — барлық қосылған Huawei құрылғылары бойынша), белсенді терезені жию және камераны өшіру (қоңырау шалғанда шамалы уақытқа бейнені өшіру үшін ыңғайлы) үшін қолданылады.
Тачпад орталықтан солға қарай біраз жылжытылған, корпусқа сәл батырылған, өлшемі орташа, бірақ пернетақта астындағы аймақ үшін оны сәл үлкендеу етіп жасауға да болар еді. Сезімталдығы жақсы, басқанда сезіледі, сырт етіп басылады.
Өнімділігі
Huawei MateBook D16: 12-ші буындағы Intel Core i7-12700H процессорымен, ОЖҚ 16 ГБ және сақтауға арналған 512 ГБ SSD жабдықталған.
Geekbench 5 көпядролы тестінде жаңа құрылғы жақсы нәтижелер көрсетіп, тіпті MacBook Air M1 артта қалдырып, екінші орынға ие болды. Н сериясының (өнімділігі жоғары) процессорымен жабдықталғаны оның Intel Core i7-12700 процессорымен жұмыс істейтін басқа үлгілерден анағұрлым жылдам екенін білдіреді. Автоматты үдеу режимінде максималды жиілігі 4,7 ГГц жетеді. Есептеу қуаты осыншалықты мықты ноутбукты бастапқы деңгейдегі Photoshop-пен жұмыс істеу үшін қолдануға болады. Десе де, дискретті графикалық процессорының болмауы оның шығармашылық және ойын ойнау мүмкіндіктерін шектейді. Бірақ бұл құрылғы кеңсе жұмысына арналғандықтан, одан ойын ойнағанда жоғары өнімділік көрсетуді талап ету дұрыс болмайды.
Ноутбук тыныш жұмыс істейді, менде бір уақытта бірнеше Chrome, Spotify және YouTube терезелері ашық тұрғанның өзінде даусы шықпайды. MateBook D 16 ноутбугы 16 ГБ оперативті жадымен және 512 ГБ кіріктірілген жадымен жеткізіледі. Орташа пайдаланушы үшін бұл жетіп-артылатынына қарамастан, сыйымдылығы 1 ТБ SSD-мен жұмыс істеген жақсы болар еді.
Мұндағы SSD интерфейсі PCIe 3.0. Диск екі бөлікке бөлінген, оның 120 ГБ жүйеге берілген, оның шамамен 70 ГБ бос. Пайдаланушы үшін барлығы 512 ГБ ішінде 400 ГБ пайдалануға берілген.
Автономдылығы
Ноутбук 60 Вт·с батареямен жабдықталған, бұл бұдан бұрынғы үлгідегі 56 Вт·с көп, бірақ автономдылығы азырақ болып шықты. 60% жарықтық және түрлі жолдармен пайдаланғанда (Chrome, Photoshop, Telegram) ноутбук 7 сағаттай жұмыс істеді. Жарықты ең жоғарғы мөлшерге дейін көтергенде бұл уақыт 5,5–6 сағатқа дейін қысқарады. Қуаттауға арналған адаптер де кішірейген: ол смартфонның адаптерімен бірдей-ақ және салмағы да 126 г ғана. Бірақ қуаттылығы кемімеген — 65 Вт.
Қорытынды
Huawei MateBook D 16 үлкен және жарық экранмен жабдықталған, ол өнімді жұмыс істеу үшін де, мультимедиа қарау үшін де ыңғайлы. Дизайнында еш жаңалық болмағанымен, ол тегіс және мықты, жұмыс уақытында қажет болатын бірнеше порт ұсынылған. 12-ші буындағы Intel процессоры бұл бағамен ұсынылып отырған ноутбук үшін өте жылдам және күнделікті жұмыс жүктемесін оңай еңсеріп тастайды, сонымен бірге бастапқы деңгейдегі контент жасауды да игере алады. Бірақ мұндай жоғары өнімділікке қол жеткізу үшін Huawei компаниясы автономды жұмыс істеу уақытын қысқартуға мәжбүр болған, бұл қуат көзінен алшақ жерде жұмыс істеуді жоспарлаған адамдар үшін ыңғайсыз болмақ.