Өзгеретін, өзгертетін Уақыт!

-2 C
Nur-Sultan
-5.1 C
Almaty
-0.7 C
Shymkent

Үкімет ғалымдарды байытуға бюджеттен 645 миллиард теңге бөлмек

Танымал

Ел аузында

Ғалымдар үшін Қазақстанда отырып, баюдың көзі көп.

Қазақстан халыққа да, бизнеске де, ғылымға да қайыры жоқ жобаларға да қаржы құюын жалғастырды. Сарапшы мұны «ғылыми коррупция» деп атады.

Премьер-Министр Әлихан Смайылов отандық ғылымды дамытуға аста-төк қаржы берілетінін растады. Бұл туралы ол «2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңының жобасына қоса тіркелген түсіндірме жазбасында хабарланды деп жазады inbusiness.kz.

Сонымен алдағы үш жылға арналған еліміздің басты қаржылық құжатының жобасына сәйкес, ғылымды дамытуға жалпы сомасы 645 млрд 69,5 млн теңге шығыстар көзделген, оның ішінде:

    2023 жылға – 159 млрд 198,1 млн теңге;
    2024 жылға – 244 млрд 858,6 млн теңге;
    2025 жылға – 241 млрд 12,7 млн теңге қарастырылған.

«Бұл шығындар келесі салаларға бағытталады. Біріншіден, 77 ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет субъектісін базалық қаржыландыруға, соның ішінде 751 жетекші ғалымның еңбекақысына – 34 млрд 2 млн теңге жұмсалады. Тарата айтсақ, 2023 жылға – 10 млрд 80,6 млн, 2024 жылға – 11 млрд 343,2 млн, 2025 жылға – 12 млрд 578,1 млн теңге қарастырылған», – деді Үкімет басшысы.

Бірақ ол ауқаты күрт артатын жетекші ғалымдардың нақты тізімін жарияламады.

Екіншіден, мемлекет ғалымдарға жыл сайын сый-сияпат жасап тұрады, ол да біршама қомақты. Ресми мәлімет бойынша ғалымдарға Мемлекеттік сыйлықақылар мен Мемлекеттік стипендияларды төлеуге – 1 млрд 596,7 млн теңге бөлініп отыр. Бұл ретте 2023 жылға – 531,1 млн, 2024 жылға – 496,3 млн, 2025 жылға – 569,3 млн теңге көзделген. Оны алатындар саны жыл сайын жеке анықталады.

Үшіншіден, ғалымдардың табысы тек жалақы мен сыйақылардан ғана тұрмайды, оларға төл жобасын ұсынып, түрлі конкурстарда мол қаржы ұтуға мүмкіндік беріледі. Жасыратыны жоқ, бұл тәсіл негізінен сөзі өтімді тәжірибелі ғалым мен жалпақ жұрт танымайтын жас дарынның тандемі түрінде жүзеге асырылады: жас зерттеуші жоба-инновацияны ойлап тауып, күндіз-түні шүмектеп тер төгіп, жүзеге асырады. Ал мүйізі қарағайдай «ғылым алыбы» жоба авторы атанып, бар беделін салып, оны жоғарғы жақта ілгерілетеді. Айтқандай, делдал ағалармен бөліскісі келмейтін амбициялы жастар тікелей АҚШ-тағы Кремний алқабына шығып, өз стартапын сонда өзі жүзеге асырады.

Сонымен «бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру» деп аталатын ең майшелпек бағытқа ел қаржысынан 277 млрд 608,2 млн теңге жұмсалмақ. Қаржы министрлігінің түсіндіруінше, осы бағытта 2023 жылы 67 млрд 837,5 млн теңге қарастырылып отыр: оның аясында бұрынғы жылдары бітпей, ары қарай жалғасатын 113 ғылыми-техникалық бағдарлама (ҒТБ) және 512 жаңа конкурстардың ҒТБ-сы қаржыландырылады. 2024 жылы қаржы күрт артады және 105 млрд 576,2 млн теңгеге жетеді. Оның ішінде жалғасатын 77 және жаңа 900 ғылыми-техникалық бағдарламаны жүзеге асыру ынталандырылады.

2025 жылы да аса қомақты сома – 104 млрд 194,5 млн теңге бөленіп, оның бәрі жаңа конкурстардың 979 ҒТБ-сына құйылады.

Ғалымдар үшін Қазақстанда отырып, баюдың көзі көп.

Төртіншісі – ғылыми зерттеулерді гранттық қаржыландыру. Оған жалпы сомасы 240 миллиард 377,5 млн теңге жұмсалады.

  • 2023 жылы – 55 млрд 336,5 млн теңге (жалғасатын конкурстарда іріктелетін 389 жоба, жаңа конкурстардың 1 407 жобасы);
  • 2024 жылға – 92 млрд 401,8 млн теңге (мерзімі ұзартылған конкурстардың 389, жаңаларының 4 514 жобасы);
  • 2025 жылға – 92 млрд 639,2 млн теңге (жалғасын табатын конкурстардың 389, жаңа конкурстардың 6 256 жобасы).

Осылайша, бұл бағытта да шығындалатын қаражат күрт арқалы тұр. Алайда бұл да шығынның шегі емес.

Бесіншіден, Үкімет іргелі ғылыми зерттеулерді жүзеге асыратын 8 ғылыми ұйымды қаржыландыруға 6 млрд 315,7 млн теңге бағыттайды: 2023 жылы – 3,6 млрд, 2024 жылы – 1,4 млрд, 2025 жылы – 1,3 млрд теңге. Бұларда екі еседен астамға азаяды. Мемлекет тұтас институттарды емес, жеке ғалымдарды басымдықты қаржыландыра бастағаны байқалады.

Алтыншыдан, қазақстандық ғалымдар ғаламдық деңгейдегі ғаламат жаңалық ашуы, әлемде жоқ инновациялық құрылғы ойлап табуы, тіпті әлдебір прототипін жасап қоюы мүмкін. Оны өндіріске шығарып, монетизациялау қажет. Бірақ біздің азулы ғалымдарымыз ондайға «қолын былғағысы» келмейді, бизнесмен-инвесторлардан ақша сұрауға ары жібермейді. Содан амалсыз, олардың жобасын ары қарай экономикаға ілгерілету шығынын да халық көтереді. Бұл шығын алдағы жылдары 5,5 еседей артпақ.

Нәтижесінде, ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру жобаларын гранттық қаржыландыруға жалпы сомасы 63 млрд 315 млн теңге бағыт алады: 2023 жылға – 17,1 млрд теңге (65 жоба), 2024 жылға – 92,4 млрд теңге (70 жоба), ал 2025 жылға – 92,6 млрд теңге (75 жоба).

Жетіншіден, ведомстволық бағыныстағы мемлекеттік ғылыми ұйымдардың күрделі шығыстары бюджеттен жалпы көлемі 7 млрд 733,2 млн теңгені талап етеді (2023 жылы – 60,6 млн, 2024 жылы 3,8 млрд, 2025 жылы – 3,9 млрд теңге болады). Бұл жерде неге шығын бір жыл ішінде 63 еседей өсіп кетпек? Қаржы министрлігінің түсіндіруінше, 2023 жылы – 1 ғылыми ұйым материалдық-техникалық жабдықталады және күрделі жөнделеді. Ал 2024 және 2025 жылдары тиісінше, 11 ұйымнан жарақтандырылады, күрделі жөнделеді.

Сегізіншіден, ғылыми-тарихи құндылықтарға, ғылыми-техникалық және ғылыми-педагогикалық ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз етуге – 5 млрд 635,8 млн теңге көзделеді: 2023 жылы – 1,8 млрд, 2024 жылы – 1,8 млрд, 2025 жылы – 1,9 млрд теңгеден астам.

«Сондай-ақ мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптамаларды жүргізуге, ЮНЕСКО қамқорлығындағы Орталық Азия өңірлік гляциологиялық (мұзтану) орталығының қызметін қамтамасыз етуге, Халықаралық ғылыми-техникалық орталықтың қызметін жалғастыру туралы келісімді жүзеге асыруға, Түркі академиясын орналастыру шарттары мен тәртібі туралы келісімді іске асыруға арналған бюджеттік шығыстар жоспарлануда», – деп мәлім етті Премьер.

Қазақстан ғылымды дамытуға ұлан-дария қаражат төгуде. 2025 жылға қарай отандық ғылымды қаржыландыру көлемін ЖІӨ-нің 1%-ына жеткізу жоспарланған. Бұл ел қорғанысына бөлініп келген қаражатқа жетеқабыл.

Бұдан ел не ұтты? Коронавирусқа қарсы «ҚазВак» вакцинасынан басқа ірі жетістік ойға орала қоймайды.

Саланың бір жетістігі жақында отандық ғылымды дамыту мәселесі қаралған Үкімет отырысында айтылды: ғылымға жастар көптеп келе бастады. Мол ақша жүрген жерде жастар да жүрсе керек. Тек сан сапаға айналса, жөн.

Бұған дейін ғылымды да басқарған Асхат Аймағамбетовтың мәліметі бойынша, елімізде 21,6 мың ғылыми кадр бар.

«Олардың 36%-ы – 35 жасқа дейінгі жас ғалымдар. Тағы 39%-ы – орта жастағылар, яғни айтарлықтай деңгейдегі әлеуеті бар ғалымдар. Алайда жалпы санын алсақ, ғалымдар саны бәрібір аз: Қазақстанда бір миллион адамға шаққанда тек 1172 ғалымнан келеді. Бұл өз кезегінде, қаржыландыруға байланысты. Әлемдік тәжірибеде ғылымды қаржыландыру кем дегенде жалпы ішкі өнімнің 1%-ы көлемінде болуы керектігі айтылады және оның басым бөлігі жеке инвестициялардан қалыптасуға тиіс», – деді А.Аймағамбетов.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек 2025 жылға дейін ғалымдар мен зерттеушілер санын 21,6 мыңнан 34 мыңға дейін жеткізуді өз алдына міндет етіп отыр.

Әл-Фараби атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Жаратылыстану ғылымдарының еуропалық академиясының қазақстандық бөлімінің басшысы, физика-математикалық ғылымдардың докторы Сергей Дубовиченко ғылымға бағытталған қаржыны таратуда айқындылық жоқтығына назар аудартты.

«Бізде ұлттық ғылыми кеңестер жобаларға қосымша балл қосады, шынында олай болмауы керек. Жобаларды таңдау тек халықаралық сараптама нәтижелеріне негізделгені жөн. Алайда оның орнына әлдебір академиксымақтар жобалардың халықаралық сараптамасына тыйым салғызуға тырысып жүр. Олар әрине, қаржы бөлісте, жобаларды қаржыландыру көлемін анықтағанда соңғы сөз өздерінің қанжығасында қалғанын қалайды. Бірақ академик атағын қалай алатынын біз білеміз. Салдарынан, сапасыз, пайдасыз, тиімсіз, тіпті «жалған» жобалар да үлкен қаржыға ие болады. Мұның бәрі ғылыми коррупцияны қоректендіретін нәрсе», – деп алаңдайды ғалым.

Дегенмен, ғалымдардың тағы бір тобы Үкіметке жазған хаттарында қазақстандық өнертабыстарды халықаралық сараптамаға жіберу – олардың сол жақта қолды болуына соқтыратынын алға тартқаны бар. Қазақстандық ғалымдар өз жаңалықтарын халықаралық патенттеуге мән бере бермейді: біраз шығын шығару, салмақты бюрократиялық рәсімдерден өту қажет. Әрі ағылшын тілін білмейді. Содан олардың жобалары шетелде ұрланудан еш қорғалмаған. Бұдан бөлек, шетелдік институттар мен сараптамалық ұйымдарға жіберілген отандық маңызды ғылыми жобаларды Батыс елдері, Ресей ерте байқап қойып, жолдан қағып алады: олардың иелерін – дарынды ғалымдарды қызықтырып, өздеріне алып кетеді. Салдарынан, ол зерттеуші-ғалымдарды оқытып, өсіріп, тәрбиелеуге кеткен мемлекеттік миллиардтар ақталмайды. Жоба шетелде толыққанды жүзеге асып, жатжұрттық елдің игілігін арттырады.

Яғни, қос тараптың да дәлел-дәйектемелері мығым. Үкіметтің көңілі қай жаққа ауатыны белгісіз.

Әзірге жаңа Ғылым және жоғары білім министрлігі миллиардтарды шығындауға кірісті. Оның Ғылым комитеті гуманитарлық, жаратылыстану ғылымдары, педагогика және түркология салаларындағы сыйлықтарға жыл сайынғы конкурсты жариялады. Биыл осы салалардағы ғалымдарға 6 сыйлық бекітілген. Сонымен бірге 75 мемлекеттік ғылыми стипендия беріледі, оның ішінде 50-і талантты жас ғалымдарға арналған.

Сыйлықтар мен ғылыми стипендиялар конкурстық негізде келесі бағыттар бойынша тағайындалады:

  •     жаратылыстану ғылымдары саласындағы үздік ғылыми зерттеуі үшін  Қ.Сәтпаев атындағы бір сыйлық;
  •     гуманитарлық ғылымдар саласындағы үздік ғылыми зерттеуі үшін  Ш.Уәлиханов  атындағы бір сыйлық;
  •     педагогика саласындағы үздiк ғылыми зерттеуі мен жұмысы үшiн  Ы.Алтынсарин атындағы бір сыйлық;
  •     түркология саласындағы аса зор жетістіктері үшін Күлтегін атындағы бір сыйлық;
  •     жаратылыстану ғылымдары саласындағы үздік жұмысы үшін жас ғалымдарға арналған Д.Қонаев атындағы бір сыйлық;
  •     гуманитарлық ғылымдар саласындағы үздік жұмысы үшін жас ғалымдарға арналған М.Әуезов атындағы бір сыйлық;

75 мемлекеттік ғылыми стипендия, оның ішінде 50-і талантты жас ғалымдарға арналған.

Толық немесе ішінара пайдаланғанына қарамастан, сайт материалдарын пайдаланған кезде міндетті түрде uakytnews.kz сайтына сілтеме жасауыңызды сұраймыз.

Сайт әкімшілігі

Жаңа

Ақпараттық қауіпсіздік мәдениеті ұлттық қорғаныс мәселесі болуы тиіс

Отандық бұқаралық ақпарат құралдарын жаңа технологияға бейімдеу керек деген өткеннің сарқыншақтарымен жүретін әлдекімге тұрпыдай естілетін сөйлем шығар. Бірақ сол...