Денсаулық сақтау министрлігі медициналық қателік салдарынан зардап шеккен қазақстандықтарға өтемақы төлейтін заң жобасын әзірледі. Ол үшін медицина қызметкерлерінің қызметін міндетті сақтандыру енгізуді ұсынды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Мәжілісте денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният «Денсаулық сақтау мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасымен таныстырды.
«Пациенттердің мемлекет кепілдік беретін құқықтарын іске асыру үшін медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін арттыру керек. Міндетті сақтандыру жүйесі кезең – кезеңімен енгізіледі», – деп хабарлады министр.
Оның айтуынша, жыл сайын елімізде медицина қызметкерлеріне қатысты өз міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін қылмыстық кодекстің “Медицина немесе фармацевтика жұмыскерiнiң кәсiптік мiндеттерiн тиiсiнше орындамауы” 317-бабы бойынша 300-ге жуық іс қозғалады. Қылмыстық істер көбінесе хирургия саласындағы мамандарға қатысты қозғалған.
«Зардап шеккендерге моральдық және материалдық залал өтемақысының мөлшері 40 миллион теңгеден асты. Сақтандыру төлемдері соттың шешімі бойынша сақтандыру полисі болған кезде жүзеге асырылады. Медициналық инцидент салдарынан туындаған залалды медицина қызметкерінің жалақы деңгейі өтей алмайды», – деп түсіндірді Ғиният.
Министрліктің жоспары бойынша, медициналық ұйымдар 2023 жылдан бастап жеке сақтандыру компанияларымен шарттар жасайды. 2025 жылдан бастап ортақ негізде сақтандыруды медициналық ұйымдар мен қызметкерлер бөледі. Сақтандыру шарты бір жылға жасалады, оның барысында сақтандыру компания медициналық жағдайлар бойынша барлық төлемдерді жабады.
Ажар Ғиният науқастың таңдауы болатынын түсіндірді. Егер ол медициналық ұйымның шешімімен және төлем сомасымен келіспесе, сотқа жүгіне алады.
Министр жоспарланған өтемақы көлемімен бөлісті.
Пациенттің өміріне немесе денсаулығына келтірілген зиян үшін:
өлім жағдайы – 1000 АЕК (2022 жылы 3 миллион 180 мың теңге);
бірінші топтағы мүгедектікті белгілеу – 800 АЕК (2022 жылы 2 миллион 544 мың теңге);
екінші топ – 600 АЕК (2022 жылы 1 миллион 908 мың теңге);
үшінші топ – 500 АЕК, «мүгедек бала» – 500 АЕК (2022 жылы 1 миллион 590 мың теңге);
мүгедектік белгіленбей, денсаулыққа жарақат салу немесе өзге де зақымдану – пациентті амбулаториялық немесе стационарлық емдеудің нақты шығыстары мөлшерінде 300 АЕК (2022 жылы 954 мың теңге).