Алматыда экстракорпоральды ұрықтандыру арқылы үшем туылды. Жаркенттен келген жас отбасы бірден екі қыз бен бір ұлдың ата-анасы атанды, деп хабарлайды Медициналық сақтандыру қоры Алматы қалалық филиалының баспасөз қызметі.
29 жастағы Гунчигүл жұбайы екеуі бірнеше жылдан бері бір перзентке зар болған отбасылардың бірі. Айтуынша, мұндай бақытқа кенелем деп ешқашан ойламапты.
– Тұрмыс құрғалы бері 4 жыл бойы бала көтере алмадым. «Бармаған жерім, баспаған тауым» қалған жоқ. Ем-дом еш нәтиже бермеген соң ана болудан тіпті күдерімді үзе бастадым, деп еске алады ол қазір.
Дәрігерлер денсаулығына байланысты оған «бедеулік» деген диагноз қойған. Бірақ жақсылықтан үміт үзбей, білікті дәрігер іздеуді тоқтатпағанын айтады. Тағдыр жазып, репродуктолог Иван Мельниковпен танысқан соң Алматыдағы Репродуктивті медицина орталығына келуге бел буыпты.
– Сол кезде ЭКО-ны міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру арқылы жасатуға болатынын естіп, қатты қуандым. Себебі ЭКО өте қымбат, оны екінің бірінің қалтасы көтере бермейді. Бұл мен үшін де ақырғы мүмкіндік болды. Сол себепті емханадағы дәрігерге барып кезекке тұрып, қарала бастадым. Әлбетте, мен сияқтылар өте көп, сондықтан кезек күтуге тура келді, – дейді Гунчигүл.
Араға біраз уақыт салып экстракорпоральды ұрықтандыруға квота берілетіні туралы хабар келіпті.
– Бірден Иван Мельниковтің қабылдауына жазылдым. Көп ұзамай процедураға дайындықты бастап та кеттік. Жасанды ұрықтандыру кезінде алынған 40 шақты жұмыртқаның 20-сы ұрықтанды. Ұрық жатырға салынғаннан кейін 7-ші күні тест «екі жолақ» көрсетті. 14 күннен кейін жолдасыммен бірге ультрадыбыстық зерттеуге барып, бойыма 2 бала біткенін көзімізбен көріп қуанып қайттық.
Келесі ультрадыбыстық зерттеу Гунчигүлдің құрсағына екеу емес, үш сәби біткенін көрсетіп берді. Қазір ол үш баланың бақытты анасы.
Естеріңізге сала кетсек, бағасы қымбат қызметтердің бірі болып саналатын экстракорпоральды ұрықтандыру 2020 жылдан бері қарай міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру арқылы қаржыландырылып келеді. Яғни, МӘМС бағдарламасының бала сүюді армандаған отбасыларға бақыт сыйлап келе жатқанына биыл үшінші жыл. 2022 жылдың бірінші жартысында осындай 1304 жұп ЭКО жасатқан. Оған сақтандыру есебінен 1,3 млрд теңге бөлінді.
МӘМС сыйлаған бақыт: Алматыда үшем дүниеге келді
Танымал
Ел аузында
Толық немесе ішінара пайдаланғанына қарамастан, сайт материалдарын пайдаланған кезде міндетті түрде uakytnews.kz сайтына сілтеме жасауыңызды сұраймыз.
Сайт әкімшілігі