Қазығұрт аудандық полиция бөлімінің ювеналды полиция тобының инспекторы полиция аға лейтенанты Қуаныш Бақбергенге тұрғындардың бірі хабарласып, көшеде жалғыз жүрген қызды тауып алғанын жеткізді. Мұны естіген полицей бірден баланы алып, онымен тілдесуге тырысады.
Алайда тілі толық шықпаған кішкентай қыз, өзінің кім, ата-анасы қайда екенін айта алмайды. Содан 1 сағат көлемінде туыстары полицияға хабарласып қалар деген үмітпен күтеді. Ешкім арызданбағаннан кейін полицейлер, қыздың табылған жеріне жақын аймақтарды аралап, іздестіруге кіріседі. Сол аумақтағы барлық көшелер мен аулаларды мұқият қарап шығып, өтіп бара жатқан адамдардардан сұрастырады. Осылайша бірнеше сағатқа созылған қажетті іс-шаралар нәтижесінде полицейлер, жоғалып кеткен кішкентай қыздың мекенжайын, ата-анасын анықтады. Тексеру барысында 3 жасар қыз ойнап жүріп, үйінен алыстап кеткені белгілі болды. Полицейлер табылған бүлдіршінді үйіне қайтарып, әжесіне аман-сау күйінде тапсырды.
Өз кезегінде қыздың әжесі Қазығұрт АПБ-нің қызметкерлеріне: «Қызымызды тауып берген полицейлерге ризамыз. Жұмыстарыңызға табыс тілеймін. Әрқашан осылай халықтың қорғаны болып жүре беріңдер!»-дейді кішкентай немересімен қауышқан ақжаулықты ана.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі