Жұрт «Сыр ана» деп атайтын қасиетті өзенның ағысы кеше түнде толық тоқтады. Ия, ғасырлар бойы тулап аққан дарияда енді мүлде судың ағысы жоқ. Кәдімгі арық сияқты суалып, құрғап қалды. Бір сөзбен айтқанда дарияның жүрегі тоқтады(лайым уақытша болсын). Біреулер тіпті мұны ақырзаманның белгісіне жорып, одан сайын үрейді ұшыруда.
Бұл апат. Арал теңізінің құрғағанынан да асып түсер алапат экологиялық апат. Сан ғасырдан бері толқыны жағаға ұрып келген, асау дария атанған Орта Азиядағы ең ұзын өзендердің бірі толық құрғап қалды. Қызылорда облысындағы 815 мың тұрғынның бүкіл тіршілігі Сырдарияға байланысты екені белгілі. Облыстың экономикасы да, халықтың әлеуметтік жағдайы, күнкөрісі бәрі-бәрі бір ғана осы өзенге қарап тұр деуге болады. Дегенмен, бұл тек қызылордалықтардың ғана бас ауруы емес. Бұл тұтас Қазақстанның трагедиясы.
Халық енді не істейді? Көше ме? Жұртын тастап боса ма? Бұл жағдайда билік не қарап отыр? Қырғызстаннан келетін тиесілі су қайда? Неге дабыл қақпайды? Әйтсе де оны сәл ертерек жасау керек еді. Су ағысы тоқтады деген, өзен «комаға» түсті деген сөз. Оны енді қайта тірілткенмен салдары қалары анық.
Халықтың айтуынша ауылдардағы құдықтарда да су тартылып, жоқ болған. Бұл жалпы Сыр өңірінің шаңы шығып жатыр деген сөз. Бүгін қызылордалықтар тап бір анасынан айырылғандай бір-біріне көңіл айтып жатыр. Сыр халқына облыс басшылығы, Үкімет басындағылар тұщымды жауап берер деген ойдамыз.