Бізде судың сұрауы жоқ…
Қазақстанда мойкы мен монша деген бизнестің дәуірі жүріп тұр. Тойханадан кейінгі табыс көзі осы көлік жуу. Күні түні көлік жуған халық. Ұзындығы есік пен төрдей джиптерді, джипсүрей көліктерді жууға ет пісірім уақыт керек, бұған орта есеппен 60-70 литр су кетеді. Ал егер өзің жуатын жерге барсаң 100-150 литрді әп-сәтте жоқ қыласың. Жалпы суға ешкім жанашыр емес. Ешкімнің ертеңімен ісі жоқ…
Моншалар да құдайдың қара суын мелдектетіп жұмсай береді. Қазақстанда судың сұрауы жоқ. «Үнем қылайық» деген мәдениет те бүгін-ертең қалыптаса қоюы неғайбыл.
Президенттің пәрменімен Су министрлігі құрылатын бопты. Енді бұл мәселемен дербес ведомство шұғылданады.
«Суды экономдап жұмсаңыздар» дейтін үгіт-насихаттан қайыр жоқ. Нақты әрекет керек.
Табысы сумен байланысты бизнеске (монша, тойхана, мойкы т.б.) су үнемдейтін технологияларды жеделдетіп енгізбесе, тиісті мониторинг жүргізілмесе ертең ерніміз кезеріп, таңдайымызды жібітетін тамшы таба алмай қиналамыз.
Еліміздегі судың бағасы арық қойдан арзан. Басқасын басқа «судың да сұрауы болуы» үшін әділ құнын кескен де әділетті болады.
«Суды шамадан артық жұмсағандар оның ақысын жоғары тарифпен төлеуі керек. Сусыз күніміз қараң. Сол себепті бұл саладағы заңсыздықпен күресеміз.
Талапқа бағынбайтындар қатаң жазаға тартылады. Еліміз үшін судың маңызы мұнай, газ немесе металдан кем емес», – деді бұл тұрғыда Тоқаев.
Президент судың «көлеңкелі» нарығы бар деп отыр. Дәл осы мәселеге тереңірек тоқталу керек еді. Бұл нарықты кімдер билеп-төстеп отыр? Олардың есім-сойы кім? Соны білгіміз келеді…
Думан Бықай
Фейсбуктегі парақшасынан