Желіде бір топ адам мешітте «Аллаху акбар» деп айғайлап жатқан видео тарады. Облыстың бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы видеоға қатысты пікір білдірді, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі AtyrauPress басылымына сілтеме жасап.
Имамның сөзінше, бұл жағдайдан қорқудың немесе оны саясиландырудың қажеті жоқ.
«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы республикалық ақпараттық насихат тобының мүшесі, Нұр-Мүбарак мешітінің ұстазы, елімізге белгілі исламтанушы Нұрсұлтан Рысмағанбет өңірімізге бір күндік іс-сапармен келген еді. Ол Атырау қаласындағы бірнеше мешітте жамағатпен кездесіп, қоғамға пайдалы болу, білім алу, іздену, Пайғамбар (с.ғ.с) өмірінен өнеге тақырыптарында насихат айтып, жамағат тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді. «Иманғали» мешітінде жамағатпен кездесуде ол «Қоғамға пайдалы болу» тақырыбында насихат айтты. Ал осындай белгілі ұстаздың Атырауға келгеніне қуанған жергілікті жамағат қуаныштарын жасыра алмай, Алланы ұлықтап, тәкбір айтты. Мұны біреулер әлеуметтік желіде басқаша жеткізіп жатыр. Бұл түсініспеушіліктен туындаған мәселе деп ойлаймын. Шын мәнінде «Аллаһу әкбар!», яғни, «Алла ұлы!» деп жаратқанның есімін ұлықтау бұған дейін де бар нәрсе. Балаға азан шақырып ат қойғанда да, үлкендер бата бергенде де соны айтады. Бұдан қорқудың немесе саясиландырудың қажеті жоқ. Мәселен, қуаныш немесе мақтаныш сезімін біреулер қол шапалақтап білдіріп жатса, атыраулық жамағат Алланы мадақтау арқылы білдірді», – дейді ол.
Нұрсұлтан Рысмағанбетпен кездесуге келген атыраулықтар саны 5 мыңға жуықтаған.
Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желіде бір топ адам мешітте «Аллаху акбар» деп айғайлап жатқан видео тарағаны хабарланды.