Өзгеретін, өзгертетін Уақыт!

4 C
Nur-Sultan
11 C
Almaty
17.3 C
Shymkent

Қарагөз Сүлейменова: «Мен Досекеңді актрисадан қатты қызғандым»

Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың екі мәрте лауреаты, Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген әртісі Досхан Жолжақсыновтың әйелі сұхбат берді.

Танымал

Ел аузында

Қарагөз Сүлейменова жұбайымен таныстығы, жастық шағы мен естеліктері туралы баяндайды. 

Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Түркістан” газетіне сілтеме жасап хабарлайды.

Қарагөз Асқарқызы жолдасы Досхан Жолжақсыновтан 16 жас кіші. Алғаш рет актерді 12 жасында көрген. Кейін бірнеше рет кездескенімен, жақын таныса қоймапты. Алайда актер бірінші отбасымен ажырасқан соң екеуі қыз-жігіт болып кездесе бастайды. 

“Мен ең алғаш Досхан Жолжақсыновты 12 жаста болғанда көрдім. №5 троллейбуспен үйге қайтатынмын. Бір күні дәл сол троллейбусқа Досекең мінді. Ол кезде “Бандыны қуған Хамит” фильмінің кең тараған кезі. Актерді бірінші рет көруім. Ол мені байқаған жоқ. Екеуміз бір аялдамадан түстік. Мен оның соңынан жүрдім. Ол театрға бет алды. Мен үйіме кеттім”, – деп бастады әңгімесін.

Актер мен жары Қарагөз Асқарқызы араға бірнеше уақыт салып қайта кездеседі. Бұл кезде бала Қарагөздің бойжеткен шағы еді.

“Арада бірнеше жылдар өтті. Сөйтіп жүріп мектеп бітіріп, театр және көркем сурет институтының режиссерлік факультетіне оқуға түстім. Қазақ теледидарына қызметке тұрып, телережиссер Асқар Бапышевтің көмекшісі ретінде талай түсірілімдерге қатыстым. «Диагноз» телефильмін түсіруі үшін Үшарал жаққа жолсапарға жиналдық. Бұл сапарда Досекең де бар еді. Екінші рет сол кезде көрдім. Мен бәрін ұйымдастырып, кімнен кейін кім екенін айтып, бәрін реттеп жүремін. Досекең маған көз қиығымен қарап қояды. Мен байқамағандай боламын. Сол кезде қыздардан Досекеңнің әйелімен ажырасып кеткенін естідім. Сол сапарда өзім ауырып қалдым. Басым шыдатпай ауырды. Досекең маған қарайлап қояды. Қыздардың аяғына басымды төсеп жаттым. Арасында Досекең “мен ұстайын” десе, қыздар жолатпайды. Ішімнен ол кісі менің қасымда отырса деп қалап қоямын. Ақыры автобус тоқтаған сәтте маған жақындап, таңға дейін басыма қолын төсеп келді”, – деді актердің жары. 

Осыдан кейін екеуі жиі ұшыраса бастайды. Досхан Жолжақсынов болашақ жарын «Ақан сері – Ақтоқты» қойылымына шақырады. 

“Мені алтын қыз деп атайтын. Театрға шақырды. Өзі басты рөлде. Ақанның рөлінде. Ғашығы Райхан Қалиолдина. Мен Досекеңді актрисадан қатты қызғандым. Өте сұлу, тәкаппар актриса еді. Досекең де нағыз сері, көркем жігіт. Театрдан соң Досекең мені шығарып сала алмайтынын айтты. Оның сол кездегі жүзі әлі есімде. Өйткені оның сол тұры­сы, қимастық танытқан көзқарасы шынайы бір сезімді байқатты. «Басқа бір жерге баруым керек еді» дегенінен керемет бір қимастық­ты көргендей болдым. Сездім. Оқыдым. Шынымды айтсам, бақыттан басым айналды. Сезімдеріміздің бір арнаға тоғысқанын сезінгендей, бойымды белгісіз бір қуаныш кернеді. Кешкі Алматымды қызықтап, біраз жерге дейін жаяу жүргенімді де сезбедім”, –дейді Қарагөз Асқарқызы. 

Досхан Жолжақсынов бойжеткенге алғашында бала деп қараса, кейін келе әйел ретінде сезімі ашыла бастағандай. Мұны кейін актердің өзі жарына мойындаған екен. 

“Тағы бірде Хирургия институтында түсірілім кезінде кездестік. Бір көрі­ніс­те ұзын коридормен Райымбек аға Сей­ті­метов пен Досхан келе жататыны бар. Мен кадрдың сыртындамын. Жарасымды киініп алғанмын. Бірақ өтіп бара жатып, екеуі де мен жақ­қа жалт қарасты. Әсіресе, Досхан көз алар емес. Бұрын қазақи мінез-құлқыма ғана қа­рап, балалық қимыл-қозғалысыма қызықса, дәл әйел ретінде дәл сол күні көз тоқтатқанын кейін айтады ғой”, –деді Сүллейменова. 

Жолжақсынов пен Қарагөз ханымның жолығуына актриса Тұрақан апай себепші болған. Екеуін үйіне шақырып, дастархандас болып, арқа-жарқа әңгіме айтысады. Сол кеште актер бойжеткенді шығарып салып, алғаш рет жақын танысады. 

“Тұрақан апай екеумізді ғана шақырыпты. Мен әртістер бас қосып жатыр екен деп ойлаппын. Кейіннен Досханның мені арнайы шақырғанын білдім. Сол кеште мені Досекең шығарып салды. “Менің тағдырымды білесің бе? деді. «Білемін, бірақ ол бала мені қабылдамаса, біз ешқашан кездеспейміз» дедім. Ол мені үйіне апарып, орамал салғысы келді. Мен көнбедім. Сол кеште алғаш рет құшақтап, аялай сүйді. Сол кештен соң бір апта жоғалып кетті. Мен алаңдай бастадым. Сөйтсем, менің еркіндігімнен, қарсылық танытпағанымнан қатты қорыққан екен. Көңілі алай-дүлей болған. Менің еш қымсынбастан құшағына ене бергенімді ойлап таңғалыпты”, – дейді актерді жары.

Актер мен жары Біржан, Бекзат, Ділдә есімді ұл-қыздарды тәрбиелеп отыр. Ұлдарымен досы секілді әңгімелеседі. Қызымен жақын сырласады. Ал жарына жиі құшақ-құшақ гүл беріп, көңілін көтереді. 

“Досекең тазалықты, әдемілікті жақсы көреді. Үйде бәрі әдемі болғанын талап етеді. Біз қыз-жігіт болып ұзақ жүрген жоқпыз. Ол кезде бермеген гүлді қазір көп береді. Алыс жолдан келсе, мен міндетті түрде күтіп аламын. Күйеу деген түсінік бір бөлек, әке де бір бө­лек, ата деген де бөлек, ал азамат деген тү­сінік бір бөлек, білген адамға оның жиын­тығы – тұлға! Ал Досекеңдей халықтың ықы­­­ласына, құрметіне, махаббатына бөленіп, өнер­дің биік белестерін бағындырған азамат, ол енді тұлға ғана емес, бекзаттықтың үлгісі, тәлімі. Дегдар адам”, – деді Қарагөз ханым. 

Айта кетейік, биыл қазақтың дара актері Досхан Жолжақсынов 70 жасқа толды. 

Толық немесе ішінара пайдаланғанына қарамастан, сайт материалдарын пайдаланған кезде міндетті түрде uakytnews.kz сайтына сілтеме жасауыңызды сұраймыз.

Сайт әкімшілігі

Жаңа

В Илийском районе специалисты высокого класса провели прием населения

В Илийской центральной районной больнице, по инициативе руководителя управления здравоохранения Алматинской области Алмата Тұрысбекұлы, организован прием для населения опытными...