Кәсіпкер Қайрат Сатыбалдыға қатысты тағы бір іс тергеліп жатыр. Ол салықтан жалтарды деген күдікке ілінді. Бұл туралы Антикордың ресми өкілі Арман Тілеукенов айтты, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
«Бүгінде Қайрат Сатыбалдыға қатысты Қылмыстық кодекстің 218-бабы 3-бөлігі («Қылмыстық жолмен алынған кірістер және заңсыз ақшадан түскен пайданы жылыстату») бойынша соталды тергеу аяқталды. Қайрат Сатыбалды түрлі мүлікті, оның ішінде шетелде де мүлік сатып алған. Ол Қазақстандағы және шетелдегі банктерден ақша алған. Қазір бұл іс сотта қаралып жатыр. Сондай-ақ, салықтан жалтару фактісі бойынша тағы бір соталды тергеу жалғасып жатыр. Жаңа ақпарат болса, біз оны жариялаймыз», – деді ресми өкіл.
Оның айтуынша, Қайрат Сатыбалды тиесілі болған барлық актив бұғатталған.
«2022 жылдан бері қылмыстық істер аясында 912 млрд теңгенің активі мемлекетке қайтарылды. 2023 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша бұл сома 850 миллиард теңге болды. Оның 650 миллиард теңгесі Қайрат Сатыбалдыға тиесілі», – деді Антикордың ресми өкілі.
Еске салайық, кәсіпкер Қайрат Сатыбалдының ісі Астана қаласы Байқоңыр аудандық №2 сотында қаралған еді. Ол кінәлі деп танылып, 6 жылға сотталған болатын.
Аяз Есен