«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ «Ұлттық қор – балаларға» жобасы бойынша қаражат алатын қазақстандықтардың тізімін жасады, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
«БЖЗҚ жобасының операторы «Ұлттық қор – балаларға» жобасы бойынша алғашқы трансферттерді алатын қазақстандықтардың тізімін жасап қойды, 2024 жылы 18 жасқа толатындарды қосқанда 7 миллионға жуық бала ақша алады. Тізім тексеріліп жатыр», – деді БЖЗҚ-ның баспасөз қызметі.
БЖЗҚ өкілдері «Ұлттық қор – балаларға» жобасы бойынша алғашқы төлемдер биыл ақпанда берілетінін түсіндірді.
2024 жылғы 1 қаңтардан бастап «Ұлттық қор – балаларға» жобасын іске қосу жоспарланып отыр. Оған сәйкес барлық балаға жыл сайын ұлттық қордың инвестициялық кірісінің 50 пайызы есептеледі.
Балалар 18 жасқа толғанға дейін инвестициялық кіріс мерзімінен бұрын алу құқығынсыз есептеледі. Бала 18 жасқа толғанда БЖЗҚ-да оған арналған нысаналы жинақтау шоттары ашылады. Бұл шоттан ақшаны тұрғын үйге және білім алуға пайдалануға болады.
БЖЗҚ жоба операторы болып айқындалды. БЖЗҚ міндеті – нысаналы талаптарды (міндеттемелерді), нысаналы активтерді, нысаналы жинақтау шоттарындағы нысаналы жинақтарды есепке алу, нысаналы жинақтар төлемін жүзеге асыру.
БЖЗҚ 18 жасқа дейінгі балалар туралы деректерді (ТАӘ, ЖСН) «Жеке тұлғалар» Мемлекеттік деректер қорынан алады. Бір балаға арналған мақсатты талаптардың сомасы осы мәліметтер негізінде есептеледі.
Баласының бағдарламаға қатысушы болғаны туралы ақпаратты ата-аналар egov.kz порталындағы жеке кабинеттен ала алады.
Жасұлан Ордабаев