Қазақстанда денсаулық сақтау ұйымдарында маска режимі енгізіліп жатыр, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қазақстанның бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова «Ауа тамшылары арқылы таралатын жұқпалы аурулардың таралуын болдырмау бойынша профилактикалық шараларды күшейту туралы» қаулыға қол қойды. Құжатқа сәйкес денсаулық сақтау ұйымдарында маска тағу режимі енгізіледі.
Айта кетейік, 8 ақпанда Мәжілісте коронавирусқа байланысты маска тағып келу міндеттелген болатын.
ҚР Президенті іс басқармасы медициналық орталығының бас санитар дәрігері осындай қаулы шығарған. 7 ақпаннан бастап Парламент Мәжілісі ғимаратының аумағында коронавирустық инфекцияға қатысты қолайсыз эпидемиологиялық жағдайға байланысты міндетті түрде бетперде кию режимі және басқа да алдын алу шаралары енгізілген. Жиналыстар мен басқа да бұқаралық іс-шаралар онлайн форматқа ауыстырылады немесе маска режимі мен санитарлық нормаларды қатаң сақтай отырып өткізіледі.
Еске салайық, бұған дейін Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов коронавирус жұқтырып алғаны белгілі болған еді. Сонымен қатар, Президенттің кеңесшісі Қанат Бозымбаев коронавирус жұқтырып алды. Ақпаратты Ақорданың баспасөз қызметі растады.