Өзгеретін, өзгертетін Уақыт!

15 C
Nur-Sultan
19 C
Almaty
24.3 C
Shymkent

500-ден аса қарағандылық мұғалім USTAZ HUB тегін шеберлік сабақтарына қатысты

Танымал

Ел аузында

Қарағанды қаласында USTAZ HUB жобасы аясында мұғалімдер мен білім саласында қызмет ететін мамандарға арналған тегін шеберлік сабақтары өтті. Абай атындағы мектеп-гимназиясының қабырғасында өткен іс-шараға қарағандылық 500-ден аса педагог қатысты. Мұғалімдердің кәсіби машықтарын арттыруға бағытталған әлеуметтік жоба USTAZ PRO және QUNDYLYQ кәсіби білім беру орталықтарының бастамасымен жүзеге асуда.

USTAZ HUB – Қазақстан мектептерін дамытуға ынталы мұғалімдерді біріктіретін бірегей жоба. Педагогтар білім саласындағы маңызды өзгерістердің басы-қасында жүреді, сондықтан оларға артылатын міндет те көп. Ал USTAZ HUB жобасы мұғалімдердің достық қауымдастығын құрып, еркін форматта идея мен тәжірибе алмасуға, білім саласындағы тың жаңалықтардан хабардар болуға мүмкіндік береді.

Жоба былтыр желтоқсан айында Астана қаласында басталып, бұған дейінгі екі іс-шараға 400-ге жуық мұғалім қатысқан болатын. Ендігі кезекте ұйымдастырушылар Қазақстанның барынша көп мұғалімін қамту мақсатында жобаны басқа да аймақтарда өткізуді қолға алған. Осылайша тәжірибе алаңының алғашқы аймақтық іс-шарасы Қарағандыда өтті.

Алғаш болып сөз бастаған Қарағанды қаласы білім бөлімі басшысы Есентай Әшім Абайдың «Толық адам» концепциясына негіздеп, оқушылардың функционалдық сауатын қалай арттыруға болатынын түсіндіріп берді. 

Біз балалардан орындаушыларды емес, еркін ойлы азаматтарды тәрбиелеп шығаруымыз керек деп ойлаймын. Сондықтан мұғалімнің де жаңа нәрсеге ашық болып, білімге ұмтылуы маңызды. Осындай форматтағы іс-шаралардың мұғалімдерге берері көп. Қызықты идеясы бар спикерлерді тыңдауға біз әрдайым дайынбыз,деп атап өтті Есентай Әшім.

Спикерлер қатарында Қарағандыдағы мамандандырылған “Ақпараттық технологиялар” мектеп-лицей-интернатының орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Станислав Кауров та болды. Педагогтық қызметтен бөлек Станислав мұғалімдерге арналған PEDSOVET.KZ платформасының негізін қалаушы. Бүгінде PEDSOVET.KZ-ті 50 мыңнан аса мұғалім оқиды. Станислав өз сөзінде мұғалімдерге цифрлық машықтарды меңгерудің не үшін маңызды екеніне тоқталып, фактчекинг бойынша шеберлік сабағын өткізді.

Бүгінгі таңда мұғалімдердің кәсіби дамуы тек біліктікті арттыру курстарымен шектелмейді. Қазір митап, нетворкинг сияқты форматтар да дамып келеді.  Дәл осындай іс-шаралар тиімді тәжірибе алмасып, кәсіби байланыс орнатуға және өзіңмен идеялас қауымдастыққа қосылуға мүмкіндік береді. Бір орталықпен, бір қаламен ғана шектеліп қалмаған USTAZ HUB-тың да ерекшелігі осында. Дамуға ынталы мұғалімдердің қауымдастығын құру бұл жобаның басты әрі маңызды мақсатына айналғаны сөзсіз,дейді Станислав Кауров

Бұдан бөлек қарағандылық ұстаздарға USTAZ PRO мұғалімдердің біліктігін арттыру орталығының әдіскер-тренері Алтын Аманова, Harmony мектебінің тарих мұғалімі Айткүл Жандарбекова, Quantum мектебінің кәсіби даму бөлімінің басшысы Алия Жакупова мен QUNDYLYQ мұғалімдердің біліктігін арттыру орталығының басшысы Жігер Телюканов тәжірибе бөлісті. Шеберлік сабақтары оқушылардың ынтасы мен белсенділігін арттыру, тарихты поп-мәдениет арқылы түсіндіру, кәсіби дамудың маңызы сияқты тақырыптарға арналды.

Анықтама:

QUNDYLYQ — құндылыққа негізделген тәсіл бойынша озық курстар мен әдістемелерді дайындап, мектептердегі психологиялық және білім беру ортасын жақсартуға бағытталған Қазақстандағы алғашқы  кәсіптік білім беру және консалтинг орталығы. Орталық Қазақстанның 140-тан астам мектебіне «Құндылықтарға негiзделген бiлiм беру» бағдарламасын енгізіп, еліміздің 4000-нан астам педагогының білігін арттырды.

QUNDYLYQ Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 28 қаңтардағы No 95 (31.01.2023 ж.) бұйрығымен бекітілген педагог қызметкерлердің біліктілігін арттырудың білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының тізіміне енген.

USTAZ PRO қазақстандық білім беру компаниясы. Кәсіби оқыту орталығы мектеп, колледж, университет әкімшілігі мен оқытушыларға арналған жүйелі қолдау және дамыту қызметтерін ұсынады. 2023 жылы орталық тренерлері Қазақстанның 3989 мүғалімін оқытты, оның қатарында ауылдық және кішігірім қала мектептерінің педагогтарына ерекше көңіл бөлінді. Мысалы, орталық тренерлері Алматы облысының алты ауданында болып, 50 мектептің 2768 мұғаліміне кәсіби білім берді. 

USTAZ PRO Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 28 қаңтардағы No 95 (31.01.2023 ж.) бұйрығымен бекітілген педагог қызметкерлердің біліктілігін арттырудың білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының тізіміне енген.

Толық немесе ішінара пайдаланғанына қарамастан, сайт материалдарын пайдаланған кезде міндетті түрде uakytnews.kz сайтына сілтеме жасауыңызды сұраймыз.

Сайт әкімшілігі

Жаңа

«Асқазаны жыртылған». Қызылордалық хирург операция кезіндегі кейстерін бөлісті

Қызылордалық дәрігер асқазаны жыртылған онкүндік сәбидің өмірін сақтап қалды. Облыстық балалар ауруханасының хирургия бөлімінің меңгерушісі Болат Махамбетияров Massaget.kz тілшісіне...