Өзгеретін, өзгертетін Уақыт!

-14 C
Nur-Sultan
-6.1 C
Almaty
0.3 C
Shymkent

ЖАҚСЫДА ЖАТТЫҚ ЖОҚ

Танымал

Ел аузында

«Биікке шықсаң көзің ашылады, жақсымен сөйлессең көңілің ашылады» дейді қазақ. Жақсының даралығы ешкімді жат екен деп шетке қақпайтынында, айналасын алалап өзіне тартпайтынында болса керек. Бірлікті бекем, ынтымақты берік ұстап, елді бір мақсатқа ұйытып отырған да осындай жандар. Соның ішінде отандық соттың дамуына елеулі үлес қосқан Ерден Әріповтің орны бөлек.

Құқықтық саланың үнқағазы болғандықтан, «Заң газетінің» журналистеріне судьялардың аты жақсы таныс. Әсіресе, құқықтық саланы жаңғырту, заңнамалардың сапасын көтеру, отандық соттың жұмысын жандандыру бойынша мәселе көтерілгенде, көкейіндегі ойын ірікпей айтып, өзі қызмет етіп жүрген салаға шын жаны ашитын мамандар бірден көзге түседі. Олар пікірін ортаға салып, ұсынысын жеткізуде барынша батыл, мейлінше талапшыл. Өзіндік ұстанымы бар болғандықтан, білікті азаматтардың сөз таластырудан, кемшіліктерді ашық көрсетіп, орынсыз бастамаларды сынаудан жасқанбайтынын жиі байқаймыз. Ерден Әріпов те білімі мен мінезі үйлескен мықты судья. Содан болар, сот тарапынан ұйымдастырылатын маңызды жиындарда Ерден Рауанұлының басын бұғып, үнсіз қалған кезі жоқ. Саланы жетік білетіндіктен, тәжірибелі судьяның талдамалары да терең мағыналы, мәліметке бай, қоғам үшін өзекті. Бұған Әріповтің еңбек жолына үңілгенде анық көзің жетеді. Алпыстың биігіне шыққан Ерден Рауанұлы бүгінге дейін үлкен өмір мектебінен өтті. Алматы облысының Нарынқол ауданында өсіп, білім алған ол заңгерлер дайындаудың қара шаңырағына айналған ҚазҰУ-дың түлегі. Құқықтану ғылымының бірегей тұлғаларынан дәріс тыңдаған Әріпов студент кезінің өзінде еңбекқорлығымен, жауаптылығымен ұстаздар есінде қалды. Университетті жақсы тәмамдаған соң Ерден Рауанұлы еңбек жолын 1986 жылы бұрынғы Жезқазған облыстық атқару комитетінің Әділет бөлімінің аға кеңесшісі лауазымынан бастаған. Осы ортада тәжірибесін шыңдаған маман 1991– 1992 жылдары Жезқазған облыстық халық депутаттар Кеңесінің аға кеңесшісі болды. Қазақстандық соттағы алғашқы қадамы Қарағанды облысы Жезқазған қалалық сотының судьялығынан бастау алды. Осы ортада 1992 жылдан 2000 жылға дейін табысты еңбек еткен кейіпкеріміз кейіннен Қарағанды облысы Балқаш қалалық сотының төрағасы, Қазыбек би аудандық №2 сотының төрағасы, Алматы қалалық сотының кассациялық сот алқасының төрағасы, Қарағанды облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы қызметін абыроймен атқарды. Осы абырой мен білім, ізденіс пен ұмтылыс Әріповті Жоғарғы Сот судьялығына жетелеген болатын. Жоғарғы Сот судьялығына екінің бірі таңдала бермейді. Таңдаудың тегін жасалмағанын кейіпкеріміз Жоғарғы Соттағы жұмысымен де дәлелдеді. Бұл кезде де ел ішіндегі ірі талқылау, маңызды басқосуларға отандық соттың атынан Ерден Рауанұлы қатысып, өзінің биік талғам, жан-жақты білімімен бірден көзге түсетін. Ерден Әріповтің әр іске аса жауаптылықпен, өте кірпияздықпен қарайтынына біз детектив шығармалар байқауын ұйымдастырған кезде куә болдық. Кемел Тоқаев атындағы детектив байқауын ұйымдастыруға сол жылы Түркістан облыстық сотының төрағасы Тұрысбек Мыятбеков қолдау көрсеткен еді. Тұрысбек Ерболғанұлының кез келген шараға ыждағатты дайындалып, әр детальға ерекше мән беретіні о бастан белгілі. Детектив байқауда түркістандық судьялардың еңбегін көрсетіп, сот жұмысының қиындығын көркем шығарма өзегіне айналдыруды мақсат еткен Мыятбековтің өтінішімен осы жылғы байқау ерекше форматта өтті. Республиканың әр түкпіріндегі қаламгерлер Түркістан облысының соттарында қаралған шулы істерді шығармаларына тақырып етті. Талай судьяның аты аталды, көптеген судьяның іс қараудағы шеберлігі сөз болды. Ал осы жазылған туындыларды бағалайтын қазылар мәселесіне келгенде Тұрысбек Ерболғанұлының бірінші ұсынғаны – Ерден Әріпов еді. «Қылмыстық істерді қараудың қыр-сырын жақсы білетін Ерден Рауанұлы әділ қазылықты үлкен жауаптылықпен алып шығары даусыз. Тек уақыт жағынан қыспай, шығармаларды ертерек жолдасаңдар болғаны» деді Тұрысбек ағамыз. Осыдан кейін Ерден Рауанұлына телефон арқылы хабарласып, тілегімізді айттық. Жоғарғы Соттың қарбалас жұмысына қарамастан, Ерден аға біз ұсынған детектив шығармаларды асқан қызығушылықпен оқыды. Ол аз десеңіз, әр шығармада үміткерлер жіберген құқықтық, заңдық қателіктерге арнайы тоқталып, біздің де сауатымызды көтеруге айтарлықтай ықпал етті. Әріповтің шығармаларды «мынау жақсы, мынау орташа» деп немкетті бағалай салмай, үміткердің жазу шеберлігіне, оқиғаны ұсыну, деректерді сөйлету, кейіпкерлерді таңдау, туындыны детектив жанрына сай шиеленістіріп жазу дағдысына қарап, әр шығармадағы нақты мысалдарға сүйене отырып таразылауы көп жағдайдан хабар берсе керек. Әділ қазылық жұмысына жауапты қараған Ерден Әріповтің байқау кезіндегі сөзі де тұщымды, негізді, сенімді шықты. «Байқаудың мәні мен маңызын жете түсіну үшін Кемел Тоқаевтың шытырман шығармаларын қайта парақтап шықтым. Расында, бізге бұл жанр да, осы жанрды жандандыратын байқау да керек. Тек алдағы уақытта шығармалардың көркемдік жағына ғана емес, детективке тән белгілеріне де назар аударылса, полиция, прокурор, судьяның атқаратын қызметінің ара жігін ажыратуға, деректер мен дәйектерді сөйлетуге мән берілсе құба-құп» деген Ерден ағамыздың орынды ұсынысы әлі құлағымызда жаңғырып тұр. Бүгінде Қарағанды облыстық сотының төрағасы қызметін атқарып отырған Ерден Әріповтің төл басылымның таралымын көбейтуге жасап отырған қамқорлығы да ерекше. Үнемі жақсы істердің жанашыры болып жүретін Ерден Рауанұлының ізін жалғар шәкірттері көп, бастаған ісі берекелі болғай!

Айнұр САТЫБАЛДЫ, «Заң газеті»

Толық немесе ішінара пайдаланғанына қарамастан, сайт материалдарын пайдаланған кезде міндетті түрде uakytnews.kz сайтына сілтеме жасауыңызды сұраймыз.

Сайт әкімшілігі

Жаңа

Түркістанда «Заң және Тәртіп – қауіпсіз қоғамның кепілдігі» атты форум өткізілуде.

Мемлекет басшысы құқық қорғау және бейінді мемлекеттік органдардың алдына азаматтардың жан – жақты қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндетін қойды. Біздің...