Бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев жүргізуші куәлігінен айырылмайды. Ол бұған дейін сотта мас күйде көлік тізгініне отырғанын мойындаған еді, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Tengrinews.kz-ке ресми жауапта Бишімбаев алкогольге, есірткіге мас екенін дәлелдейтін куәландырудан өтпегені айтылған. Сондай-ақ, ІІМ Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің (ӘҚБтК) 608-бабы бойынша құқықбұзушылықтың құрамдас бөлігі мас күйде көлік тізгіндеу екенін еске салды.
«Медициналық куәландырудың ресми қорытындысы және ӘҚБтК-нің 608-бабында көзделген құқықбұзушылық құрамы болмаған, сондай-ақ, жауапқа тартудың мерзімі өткен кезде (ӘҚБтК-нің 62-бабы) адам осы бап бойынша әкімшілік жауапқа тартылмайды», – деді ІІМ өкілдері.
4 сәуірде сотта жәбірленуші тараптың адвокаты Жанна Оразбахованың сұрақтарына жауап берген Бишімбаев 9 қарашаға қараған түні «орташадан сәл жоғары» мас болғанын, бұл оның тізгінге отыруына кедергі болмағанын айтты.
«Яғни, сіз мас күйде көлік жүргіздіңіз, мен сізді дұрыс түсіндім бе?» – деп сұрады Оразбахова.
«Иә», – деп жауап берді Бишімбаев.