Қазақстан Республикасының Негізгі Заңы – Конституцияның 7 – бабында-елімізде қазақ тілі-мемлекеттік тіл болып табылады деп айтылған. Қазіргі уақытта сот жүйесінде мемлекеттік тілді қолдану аясы жыл өткен сайын артып келеді. Сонымен қатар мемлекеттік тілде сот ісін жүргізу мәселесі де күн тәртібінен түскен жоқ.
Қазіргі күні республика соттарында сот төрелігін жүзеге асырушы судьялардың басым бөлігі қазақ тілін еркін меңгерген, сот төрелігін мемлекеттік тілде сапалы жүзеге асыра алатын тұлғалар, егер де халық сотқа қазақ тілінде жүгінетін болса немесе өкілетті органдар тергеуді мемлекеттік тілде жүргізсе, барлық өңірлерде сот істерін қазақ тілінде қарауға қауқарлы судьялар жеткілікті.
«Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Заңның 13-бабына сәйкес Қазақстан Республикасында сот iсi мемлекеттiк тiлде жүргiзiледі, ал қажет болған жағдайда, сот iсiн жүргiзуде орыс тiлi немесе басқа тiлдер мемлекеттiк тiлмен тең қолданылады. Бір іс бойынша іс жүргізу бастапқы белгіленген сот ісін жүргізу тілінде жүзеге асырылады. Яғни талап-арызы қай тілде берілсе, іс тек сол тілде жүргізіледі. Ал іс жүргізу тілін білмейтін немесе жөнді білмейтін іске қатысушы адамдарға сотта аудармашының қызметін тегін пайдалану қамтамасыз етіледі. Бұл ретте, әрине, кездесетін қиындықтар да бар. Мысалы, қазақ тілінде жазылған арызға тіркелген құжаттардың басқа тілде болуы, іс бойынша жасалған сұраныстарға іс жүргізу тілінен басқа тілде жауап берілуі. Мұндай кездерде, арыз берушіге басқа тілдегі құжаттардың аудармасын тіркеу ұсынылады, оған мүмкіндігі болмағанда, аудармашының көмегімен құжаттардың аудармалары жасалады. Немесе, сотқа талап-арызды орыс тілінде беріп, алайда істі сотта қарау барысында талапкердің өзі мемлекеттік тілде түсінік беруді қалайтындарын, ал талап-арызды басқа құжаттар орыс тілінде болуына байланысты ғана сол тілде бергенін айтып жататын жағдайлар да кездеседі.
Қазіргі уақытта сот жүйесінде барлық құжаттар, іс-қағаздар мемлекеттік тілде орындалады. Сот ісін жүргізу тілі басымдық мемлекеттік тілге деген талап күшейтілді. Сот жүйесінің негізгі мақсаты азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауға және Республика Конституциясының, заңдарының, өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнiң, халықаралық шарттарының орындалуын қамтамасыз ету болып табылады. Сондықтан да сот алдында сот төрелігін сапалы атқару, әділ шешім шығару аталған құрылымдық жүйенің қоғам талабына сай үнемі жетіліп, оның ілгерілеуіне заманауи тетіктер мен кешенді сот реформаларын жүргізу қажеттілігімен қатар, яғни мемлекеттік тілді өз тұғырына қондырып, қазақ тілінде сот ісін жүргізу мәселесіне де жаппай көшетін қажеттілік туындататын уақыт жақын деп танимыз.
Утеубаев Канат Талгатбекович, Алматы қаласы Алмалы ауданының №2 аудандық сотының судьясы