Бұл жазбамызды Финляндия сапарына арнамақпыз. 2024 жылдың 3 маусымында Шымкент аэропортынан көкке көтеріліп, Ыстамбұлға бағыт алдық. Ұшағымыз төрт жарым сағаттан соң, межелі жерге жетті. Түркия мемлекетінің астанасында орналасқан халықаралық «Стамбул» әуежайы әлемдік стандартқа сай, жоғары дәрежеде толық жабдықталған, ауқымды кешен екен. Ұшақтан түсіп, әуежайдың қала жақ бетіне өткенше бір сағаттан астам уақытымыз кетті. Осы арадан метроға отырып, Ыстамбұлдың «Ақсарай» аталатын мөлтекауданындағы «Konaklar» қонақ үйіне келіп, жайғастық. Айтпақшы, бұдан 22 жыл бұрын Ыстамбұлға келгенмін. Ол уақытпен салыстырғанда қала халқының саны артқанын, ерсілі-қарсылы ағылған қалың нөпірдің жүрісінен аңғардым. Мұнан бөлек мұнда, өзге ұлт, өзге нәсіл, өзге дін өкілдері мен азаматтарының да қарасы аса көп екендігін байқадым. Мүмкін, олардың арасында бір кездегі Осман империясының ханы болған Фатих сұлтан Мехмет жаулаған Византия жұртынан қалған әртүрлі ұлттардың да ұрпақтары бар шығар деп ой түйдім. Жанымдағы серігім, әріптесім, әрі бауырым Мұхтардан сұрап көріп едім, сөзімді мақұлдады. Және тағы Ыстамбұлға әр елден келетін есепсіз туристердің де басым екендігін тілге тиек етті. Бұл күні біз шаршадық. Бүгінгі көргенімізді сөз етіп жатып, жастыққа бас қойып, ұйқыға кеттік.
Таңертеңгісін ерте ояндық. Аз ұйықтасақ та қаныққан секілдіміз. Мүмкіндігімізге қарап, бір шама дене қимылын жасаған болдық. Беті-қолымызды жуып, таңғы асымызды ішу үшін, қонақ үйдің төменгі қабатына түстік. Тамақтанып біткесін, серуенге шықпаққа әрекет жасадық. Алайда, ауа-райының жайсыздығына байланысты бөлмемізге қайта оралдық. Күннің ыстығы +43 градусты көрсетіп тұр. Оның үстіне теңіз суының да әсері болар, жағымсыз ылғалды ыстық температура мазамызды қашырды. Бөлмемізде жәй отырмай, алдағы атқаратын жұмысымыздың бағытын пысықтадық. Өткен 2023 жылы Қазақстан Республикасы, Ғылым және жоғары білім министрлігінің, Ғылым комитеті жариялаған гранттық ғылыми-техникалық конкурста біз ұсынған ғылыми жұмыс оң шешімін тапты. Сол себепті, жобамыздың күнтізбесінде белгіленген міндеттерді орындау үшін, осында келген болатынбыз.
Түстен кейін, қала көшесіне шықтық. Күндізгідей емес, ыстықтың беті біршама қайтыпты. Біз түнеген қонақ үйдің сол түстік батысының жоғары тұсынан «Самарқанд» аталатын өзбек асханасын кездестірдік. Кәдімгі өзіміздің өзбек ағайындар. Ойпырым-ай, өз туысымызды көргендей қатты қуандық. Өзбек халқының осындай еңбекқорлығы, қиындықтарға қарамастан әлемнің түкпір-түкпіріне де жол тартып, тынысын кеңге жаятындығын тағы да бір дәлелдеп тұрғандай. Түркі жұртының саудаға деген ептілігі осы жұрттың еншісіне тигеніне қалай таңқалмассыз. Ыстық шәй ішіп, самса мен палау жедік. Ішімізге ел қондырып едік, көңіліміз жайланып шыға келді. Атақты «Сұлтанахмет мешіті» пен «Ая Сопия мұражайын» көрмекке ниет еттік. Даяршымен есептесіп, сыртқа бет алдық.
Тыңдармандарымызға түсініктірек болу үшін, «Сұлтанахмет мешіті (Көк мешіт)» мен «Айя-София мұражайы» жөнінде естіген, мұнан бұрынғы ақпаратымызбен бөлісі кетейік. Алғашқысы, «Сұлтанахмет мешіті» – осы қаладағы ірі және көрікті мешіттердің бірі. Мешітте 6 мұнара бар. Төртеуі бірқалыпты, ал алдыңғы екеуі биігірек. Ислам және әлем архитектурасындағы ұлы туынды. Мешіт ЮНЕСКО-ның мұралар қорына енгізіліп, № 356 нысан болып тіркелген. 1953-1976 жылдары айналымда болған Түркияның 500 лирінің банкнотында бейнеленген. Ол Мәрмәр теңізінің жағасында, Сұлтан Ахмет ауданындағы «Айя-София мұражайының» қарама-қарсысында орналасқан. «Көк мешіт» атауы күмбездерінің көк түсті болуына байланысты. Мешіттің аумағы өте үлкен, ол жерден бірнеше алаңдар мен субұрқақтарды кездестіруге болады. Ғимараттың биіктігі 43 метрге жетеді. Сұлтан Ахмет бұл мешітті Алланың ризашылығы үшін салуға бұйрық берген. Мешіт құрылысы 1609 жылы басталып, 1616 жылы аяқталған екен. Естіген ақпаратымыз бойынша Көк мешіттің сәулетшісі – Седефкар Мехмет Ага. Ол Синан атты сәулетшінің шәкірті, әрі бас көмекшісі болыпты. Мешіттің ғажап элементтерінің бірі – михраб. Михраб – мінәжат ететін қуыс. Ол мәрмәрдан соғылған. Михрабқа Меккеден әкелінген қара тас қойылған. Михрабтың жанында минбар орналасқан. Мешіт әу баста үлкен архитектуралық кешеннің құрамына еніпті. Бұл кешеннің құрамында медресе, аурухана, қайырымдылық мекемесі, асханалар, керуен сарай сияқты қоғамдық орындар болған. Алайда, XIX ғасырда аурухана мен керуен сарай бұзылады.
Көк мешіт – түрік пен Батыс мәдениеті үйлесім тапқан ерекше туынды. Мешітте классикалық осман және византиялық шіркеулер үлгілері үйлестірілген. Көк мешіт Византия королі өмір сүрген қамалдың орнына салынған. Мешіттің 260 терезесі бар. Осы терезелерден түсетін күн сәулесімен мешіттің іші жап-жарық болып тұрады. Көк мешіт ислам және әлем сәулет өнерінің ерекше үлгісі болып саналады.
Келесі нысан, көне сәулет өнерінің бірі – Айя-София мұражайы. Іргетасы император Ұлы Константинннің бұйрығы бойынша 325 жылы қаланған. Оны 10 мың жұмыскер 5 жылда салып бітірген. Содан бері түрлі жағдайларда талай рет қирап, талай рет қалпына келтірілген.
Шығыс Рим императоры I Юстиниан 532-537 жылдар аралығында Рим империясының мемлекеттік шіркеуі үшін Константинопольдің христиан соборы ретінде салған шіркеу сол кездегі әлемдегі ең үлкен ішкі кеңістікке айналып, алғашқы ілулі күмбезімен дараланған. Бұл – Византия сәулет өнерінің көрінісі еді. Тағы да бір ерекшелігі – Айя София православие шіркеуінің парадигматикалық формасына айналып, әлемнің ең үлкен ғибадатханасы танылған.
Айя София Түріктерге дейін Византия империясының, кейін 500 жыл бойы (1935 жылға дейін) түріктердің діни орталығы қызметін атқарды. Ол 1453 жылы мешітке айналдырылған соң, ғимараттың ішкі көрінісі қайта көркемделеді. 1935 жылы Ататүрік Айя Софияны мұражайға айналдырады.
«Жақсыны көрмек үшін» дегендей бұл да бір көңілдің қошын келтірген жағымды қыдырыс болды. Есті күндеріміз естелікке айнасын деген үмітпен, қонақ үйімізге бет түзедік. Алла қаласа ертең Германияға, одан соң Фин еліне сапарымызды жалғастырамыз.
************
Тәңірдің таңы атты. 2024 жылдың 5-ші маусымы. Таңғы асымызды ішіп болған соң, жолға дайындалдық. Жол дорбамызды иыққа асынып, әуежайға бет түзедік. Осы арадан ұшаққа отырдық. Германияның Франкфурт-на-Майне әуежайына түстен кейін 16.30-да жеттік. Фин еліне баратын ұшақты күтуімізге тура келді. Себебі арада бес жарым сағат уақыт бар екен. Уақытты босқа жоғалтпас үшін, әуежай ішін аралдық. Әртүрлі тың ақпараттармен танысып жүргенімізде, санаулы уақытымыздың қалай өткенінде байқамай қалыппыз. Түнгі 21.50-де мінген ұшағымыз көкке қарай көтеріліп, Финляндияны бетке алып, түнгі аспанды тіліп бара жатты.
«Тәуекел, Аллам өзіңіз жар болыңыз» деп, Балтық теңізі жағасында негізін қалыптастырған Финдердің астанасына да жеттік. Бөтен ел, бөтен ортаға келдік. Түнгі 01.15-те Хельсинки қаласының жеріне де табанымыз тиді. Бірнеше уақыт бұрын Мұхтар екеуіміздің мықтап бекініп, ойға алған «бір сенім мен мақсатымыз» бізді өзен, көл, тау, теңізді астыртып, осында әкелді. Хельсинкиге келуіміздің себебін жоғарыда хабарлаған болатынбыз. Біз жоба тақырыбын кездейсоқ таңдай салмадық. Тарихи мәселені қозғай жүріп, «қазақтың тағдырына алаңдап, өздерін құрбандыққа шалған «Алаш» азаматтарына қатысты тың мәліметтерді тапсақ және ұлттық құндылықтың салмағын айқындайтын деректерді кездестірсек, қазақ руханиятының жоғалтқан болмысын түгендеуге септігіміз тиер ме екен» деген асыл арманымызды арқалап келдік.
Алғашқы жұмысымыз Хельсинки университетінде басталды. Мұнда, бізді арнайы қарсы алған Creator@STEAM және «Мектеп, білім, қоғам және мәдениет» докторантура бөлімінің директоры, біздің құрметті досымыз Jarkko Lampiselkаның бастамасымен университет кітапханасына келдік. Университеттің ішкі құрылымымен таныстық. Оқытушы-профессорлармен кездесіп, пікір алмастық. Біздің көңілімізге қонғаны естіген, көрген ақпараттарымыздың бізге қызықты, ұғынықты, әрі сенімді жеткізілуі болды. Университеттің сервис координаторлары Amna Khawaja мен Outi Nieminen ханымдар өз істеріне берілген шынайы мамандар екен. Олардың соншалық ерекше ықыласпен, барлық мәліметтерді нақты, дәлелді фактілермен слайд арқылы көрсетіп, осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстармен бөліскені біздерді қанағаттандырды. Кездесу барысында, жаңа жобалар жасауға қатысты да ой қозғап, ауызша уағыдаластық. Кітапханада славян тіліндегі ақпараттар мен қоса, патшалық Ресей мен Совет Үкіметі тұсындағы біраз жәйттарды баяндайтын мәліметтерге кездестік. Алдағы уақыттарда осы тапқан дүниелерімізді қажеттілігіне қарай ғылыми айналымға түсіріп, ғылыми жобамызда қолдануды қарастыратын боламыз.
Мысалы: Ахмет Байтұрсынұлының «Қырық мысал», Сүлейман Бахырғанидың «Ақыр заман» шығармасы, Ахмет Ясауидің «Диуани хихметі» секілді туындыларды және онан да басқа біршама еңбектерді кездестірдік. Уақыттың тарлығына байланысты көп дүниеге тереңдеп баруға мүмкіндігіміз болмады.
Университет кітапханасындағы жұмыстарымызды аяқтаған соң, Jarkkoның бастауымен Финляндияның ұлттық архивіне бас сұқтық. Архив қызметкері Анна Вартияланың көмегімен, қазақ хандығы қалыптасқан тұстағы топографикалық картада белгіленген шекараны, ескі елді-мекен атаулары мен жер-су аттарын оқып, көрдік. Ең бастысы, аталған еңбектерден бөлек, университет пен мемлектеттік ұлттық архивтің арнайы сайтында кездесетін басқа да құнды дүниелермен өз еліміз де отырып-ақ, танысуға мүмкіндік тудыратын ішін-ара келісімдердің басын ашып алдық. Финдік әріптестеріміз бұл мәселеде бізді қолдайтындықтарын жеткізді. Келешекте байланысымызды тереңдетуге деген пейіл мен шынайы ықыластарын көрсетті. Бір-бірімізге байланыс нөмерлеріміз бен электрондық почталарымызды қалдырдық.
Санаулы алты күніміз әп сәтте өте шықты. Күні тұман, түні тамыздың соңғы күндеріне дейін жарық болатын, ақ түні қалың – Финляндиямен қоштасар сәтте таяп қалды.
Құнанбайдың аға сұлтан кезінде айналасына би-болыстарды жинап, сұхбаттасып отыратын әдеті бар екен. Бірде осындай жиынға бес жасар Абай да сығылыса кіріп, босаға маңында сөз тыңдап отырады. Әңгіме арасында Құнанбай: «Адам неше рет өледі?» деп жан-жағына қарайды. Осы кезде Абай тамағын кенеп, бірдеңе айтқысы келсе керек. Мұны аңғарған аға сұлтан:
– Ал, әкесінің баласы, сен айта қойшы,- деп рұқсат етеді.
Сонда Абай: «Ез күнде қүнде өледі, Ер бір рет өледі», дейді. Бұл Құнанбайдың үнемі айта жүретін өз сөзі болса керек. Баласына сынай қараған әке:
- Жоқ, бұл кісінің сөзі. «Еңбек етпеген әр күн өлгенмен тең», деп түзету жасайды. Баласының сезімталдығын бағалай отырып, ой қорытып, тәрбие алсын деген ниетпен айтылған бұл сөздің мағынасы тереңде жатыр. Расында, ас ішіп, аяқ босатып құр шапқылаған әр күн тірінің тіршілігіне кереғар екендігіне сөз жоқ.
Жазбамыздың өн бойында қозғалып отырған мәселе бір күнде шешіле салмайтынын, я болмаса бір пәсте нәтижелі болмасын білсек те, арқалаған үмітіміз болашақта жемісін береріне сенімдіміз.
Данияров Талғат Әбубәкірұлы – п.ғ.к., профессор
Исаев Мұхтар Сейтханұлы – Phd., аға оқытушы
Финляндия мемлекеті,
Хельсинки қаласы
9.06.2024 жыл