Белгілі суретші әрі журналист Жанұзақ Мүсәпірдің суретшілік қыры ұзақ жылдар бойы өнерсүйер қауым мен кәсіби ортада жоғары бағаға ие болып келеді. Оның еңбектерінің мәні де өте тереңде жатыр. Жақында сыршыл суретшімен тілдесудің орайы келген еді.
“Өнер адамы – жаңалық ашушы” деп әңгімесін бастаған Жанұзақ Керімбек, бейнелеу өнерінің адамзат тарихына қосқан елеулі үлесін тізбектеп берді.
“Тарихта ең алғаш ұшақ құрастыруға ұмтылған – Леонарда Да Винчи. Ол жарғанат қанатының құрылысын зерттеп, сызбаға түсірген алғашқы адам. Бұл фактінің өзін ғалымдар бертін келе ашты. Өйткені суретші өз жаңалығын әлемге айғайлап жаймағанды. Дегенмен, қазіргі әлем сипатына қарасаң, барлығы дерлік сол бейнелеу өнерінің жемісі. Мейлі ол қаламсап не зәулім ғимарат болсын. Өйткені бейнелеу өнеріне сызба, дизайн, архитектура да кіреді. Қоғамның қай саласына басыңды сұқсаң да айналып алдыңа келеді” – дейді Жанұзақ Мүсәпір
Осы себепті де суретші бейнелеу өнері арқылы әлемді өзімізге қарата аламыз дейді.
«Егер сіз Ресейге барып, Мәскеуден түссеңіз “Третьяков” галереясын іздейсіз, Санкт-Петербургта “Эрмитражға» соқпай өтпейсіз. Париждағы “Луврға” да кірмей кете алмайсыз. Әлемдегі туристердің бәрі жан азығын – өнерден іздейді. Біздің де елімізде соған бет бұруда. Қоғам оған дайын, сол үшін де мен осы тақырыпты көтеріп отырмын. Неге Пикассо, Шишкин, Сальвадор Дали, Айвазовский, Микеланджело сияқты өз авторларымызды дәріптеп, жоғары көтермеске? Суретшілеріміз де қарап отырған жоқ. Дәл қазір Венецияда болып жатқан әлемдік деңгейдегі көрмеге 6 бірдей отандасымыз қатысып жатыр. Олардың қатарында 40-тан аса мемлекетті мойындатып, көрме өткізген Ерболат Төлепбаев, Америкада 300-ден аса туындысы ілулі тұрған, суреттері Еуропадан бастап әлемді аралап кеткен Амандос Ақанаев бар. Бұл тек бір төбе ағаларымыз, айтылмай қалғаны қаншама. Дәл қазір әлемді еш соғыссыз, ұрыссыз, қан-төгіске бармай, өнермен-ақ жұмсақ күшпен мойындата аламыз”, – дейді Жанұзақ Мүсәпір.
Өнер – суретшінің пікірінше Қазақстанның бейнесін, беделін сөзсіз көтеретін таптырмас құрал.
“Қазақ суретшілерінің өзіне тән ерекшелігін айтпай кетпеске болмас. Тау халқы тау сулұлығын бейнелеуді құп көреді, Айвазовский сияқты мұхиттың бейнесін ешкім бере алмайды. Сол сияқты қазақ суретшілері де өз бояуымен, өз танымымен ерекшеленеді. Біз кең аспанды айшықтаймыз. Өйткені ұлы дала перзенттерінің көңілі де, жүрегі де аспандай кең”,- дейді Жанұзақ Мүсәпір.
Жанұзақ Керімбайдың “Балалықтан даналыққа жол” атты картина топтамасыда Әл-Фараби атамыздың өз топырағымыздан шыққанын өзге Орта Азия елдеріне мойындатқаны сол “жұмсақ күш” ұғымын айшықтайтындай.
“Полиптих картина бір топтамадағы 4-тен аса еңбек жинағы. Аристотельден кейінгі екінші ұсаз атанған Әл-Фараби атамыздың өмір жолын бір кенепке сыйғызу мүмкін емес. Ұлы ғұлама Отырардан бастап, ғылым қуып біраз қалаға тұрақтаған. Сол себепті де Орта Азия елдерінің арасында талас көп. “Балалықтан даналыққа жол” картинасы осы даудың түйінін шешіп, тарихи дәйекті ашып көрсетті. Тұсаукесерді Каир қаласында өткізуіміз де бекер емес. Алыс жақын елдердің тісқаққан ғалымдары Әл-Фарабидің түп негізі Отырар екен деп таңдай қағысты. Тіпті көрме барысында айнала келіп, қайта-қайта көргендер болды. Бұл еңбегім 5 бөліктен тұрады. Әр картинада ғұламаның басынан өткен оқиғалар мен орын тепкен мекендері көрсетілген. Тіпті, әр қаланың, мәдениетінің ерекшілігін беруге барынша күш салдым”, – дейді Жанұзақ Мүсәпір.
Мүсәпір Жанұзақ Керімбекұлы ұлт қамын қамдаған, өз дара жолы бар ерек суретші. Оның “Балалықтан даналыққа жол” атты ұлы ғұлама Әл-Фарабидің өмір жолын сурттеген бірегей полиптихы – Абай атындағы әдебиет және өнер сыйлығына бірден бір лайық картиналардың бірі.
Жылыс Нұрбол
«Заң газеті»