Өзгеретін, өзгертетін Уақыт!

23 C
Nur-Sultan
31 C
Almaty
32.3 C
Shymkent

Бюджет қаржысы тағы да толық игерілмеді. Неге?

Танымал

Ел аузында

Қарыз шектен асты

    Еліміздегі бюджет тапшылығы Ұлттық қордан және сырттан алынатын қарызбен жабылып жатыр. Бұл орайда нақты экономикадан түсетін табыстың  үлесі аз болып тұр. Экономиканы әртараптандырады деп  жарнамасын  жер жарғызып, миллиардтаған  қаржыны құйғызған бағдарламалар қайда? Бес-алты жыл бұрын шенділер   инновациялық-индустриялық даму бағдарламасының жемісі жайлы түкірігіне шашала-машала  сөйлегенде, сенбесіңе амал қалмаушы еді. Сол кездегі жоспар бойынша  бүгінде еліміздің  әр аймағында ашылған өндірістерден түсетін  салық бюджеттің бүйірін бұлтитып қою керек еді. Екі қолға бір күрек тауып, табысы артқан  халықтың да ішкені алдында, ішпегені артында болып, мамыражай күн кешу керек болатын. Алайда, олардың бірі жоқ, біз әлі сыртқа алақан жайып,  ұрпаққа қажет деп жинап жатқан Ұлттық қорға қол  салуымызды қоймай келе жатыр екенбіз. Қарызды алуымыз тіпті шектен шығып кеткен. Өткен аптада Парламент Мәжілісінде өткен  2020 жылдың  бюджетінің атқарылуы туралы есебінде республикалық Есеп комитетінің төрайымы Наталья Годунова келтірген мәліметке сүйенсек, 20,6 трлн. теңгеге жеткен борыштың ЖІӨ-ге арақатынасы 29,4 пайыз болыпты. Бұл  жаңа Бюджет саясаты тұжырымдамасында белгіленген шектеуден 2,4 пайызға асып кеткен.

    Қайта өңдеу саласын жандандырып, салықтық әкімшілендіруді жетілдірумен айналысуға тиіс біздің құзырлы орындар, жергілікті әкімдіктердің  қай-қайсысы болмасын  сәл бірдеңе болса қарыз алуға жүгіретін болыпты. Соның нақты  айғағы,  ағымдағы жылдың басында 1,1 трлн. теңгені құраған жергілікті атқарушы органдар борышы бірден 5 есеге өсіп кеткен. «Әзірге бұл 1,6 трлн. теңге бекітілген лимит аясында. Бірақ болашақта қауіп тудырады» дейді Годунова ханым. Расында мына бетінен қайтпаса, қарыз алғыштардың шекті мөлшерден асатын уақыттары да алыс емес сияқты. Сонымен қатар мұндай қарыздардың тиімділігі, оның жоспарлы іске сәйкестігі   ешқайсысын алаңдатпайтын секілді. Мысалы Білім беру министрлігінің бұрынғы жетекшілері 67 млн.  АҚШ доллары көлеміндегі қарызды мектеп ісін жетілдіру үшін алған екен. Алайда осынша қаржының нақты  неге жұмсалатыны  жан-жақты сараланбаған. Шын мәнінде аталған шараға  50 млн. доллар емес, бар болғаны 17 млн. доллар жеткілікті болып шықты.   Қазіргі министр  Асхат Аймағанбетов болмағанда мұны білмей, аталмыш қыруар қаржының орнын сипап қалғандай екенбіз.

Ұлттық қор қайда жұмсалып жатыр?

    Өкінішке орай мұндай қадам өзгелер тарапынан байқалып отырған жоқ. Керісінше көбі  борышқа келген қаржыны «батпан құйрық, айдалада жатқан құйрық» деп  оңды-солды шашып жатқан сияқты. Әйтпесе,  сонша алынып жатқан қарыздың тиімділігі  халықтың өмір сүру сапасынан көрінер еді ғой. Өзекті өртейтіні осы қарызды өтеуге Ұлттық қорға түсуге тиіс қаржы жұмсалып жатыр. Годунова ханымының айтуынша, квазимемлекеттік  секторлар үкіметтің рұқсат бергенін пайдаланып,   сыртқы және ішкі қарыздарды болашақтың несібесіне аударылуға тиіс қаржымен өтеуде.  Осы мақсатпен  былтыр  оған түсетін түсімнің  96 пайызы жұмсалыпты. Мұның сыртында бюджет қаржатының 45 пайызының  Ұлттық қор трансфертінен құралған. Бюджет кодексін бұза отырып, Ұлттық қорға салық төлеудің орнына мұнай секторы компанияларының ақшалай қаражаты республикалық бюджетке есептеліп жатқаны тағы бар. Тек 2020 жылдың өзінде Қарашығанақ және Солтүстік Каспий серіктес компаниялары бойынша іске қосылған жобалардан  664 млрд. теңге қорға кем түсіпті. Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматуллин бұл жағдайға  одан әрі жол бермеу қажеттігін айта келіп, Палатада қаралып жатқан тиісті заңнамаға қарызды орынсыз алып, талан-таражыға түсіруге жол берген лауазымды тұлғалар үшін қылмыстық жауапкершілікке дейін тиісті шара қарастыруға дайын екендіктерін білдірді. Үкімет жетекшілері келісетін рай танытты.

Қаржының шыққан ізі ғана бар…

    Қысқасы, қаржының шыққан ізі бар да,  кірген  ізі жоқ. Яғни, одан көріп жатқан  елдің пайдасы түкке алғысыз. Қай саланы алып қарасаң да бөлінген қыруар қаржының орнын табу қиын. Аталмыш жиында мұны депутаттар нақты нақты фактілермен  ортаға салды. Мәселен депутатАйбек Паяевтың айтуынша,  «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша белгіленген көрсеткіштерге қол жетпеді. Нақтырақ айтқанда,  әлеуметтік тұрғын үй салу жоспары тек қана 57 пайызға орындалған. Республикалық маңызы бар қалалардың жұмыс істейтін жастарға арналған пәтерлер жоспарының 34,4 пайызы ғана салынған. Ал, табысы аз отбасылар үшін қажет баспана жоспары   47 пайызға ғана қамтамасыз  етілген.    Сол секілді Агроөнерксіптік кешенді дамытудың 2017 -2021 жылға арналған бағдарламасын  іске асыру үшін  төрт жыл ішінде  112 млрд теңге бөлінген. Депутат Қайнар Абасовтың айтуынша, бұл қаржының да қайда кеткені белгісіз. Мәселен, саланың негізін құрайтын мал шаруашылығында бүгінде  асыл тұқымды қойлар басы 70 пайызға төмендеген. Сонымен қатар толыққанды жемшөп базасы да  құрылмай, ветеринарлық  мамандардың тапшылығы, фермерлердің сапалы білімінің жетіспеушілігі сынды мәселелер агроөнеркәсіптік кешеннің қашанғысындай бас ауруы болып тұр.   Солай бола тұра  дүниежүзілік банктен 460 млн еуро қаржы тарту көзделіп отыр екен.Шын мәнінде  валюталық қарыздар инновациялық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін инфрақұрылымдар жасалған  жағдайда ғана алыну керек болса,  құзырлы орындардың бұл ақшаны  қайтып игеретіндігі түсініксіз. Демек,  тәуелсіз экономикалық сарапшылар айтып жүргендей алынбақ қарыз «серіктестерінің» күйін кешіп, офшорлардағы жеке есепшоттар мен шетелдерге жекежай, яхталарға айналып кетпесе неғылсын. Бұдан басқаша болжаудан өзге амал жоқ. Өйткені, қаржы мақсатқа сай қолданылса, халық басқаны айтқанада қымбатшылықтың қамытын  кимес еді.

 Еуропа қайда, біз қайда?

   Ақиқатында қазір өсімдік шаруашылығының үлкен тәжірибесі, табиғи мүмкіндігі бар елде өсімдік майының бір литрі мың теңгеге жетіп  отыр. Мұны осы жиында депутат  Данияр Әлімбаев ортаға салып, құзыреттілердің назарына салған еді. Оның айтуынша,   күнбағыс майы 37 пайызға, қант 32,8 пайызға, жарма 28,7 пайызға, картоп 16, 8 пайызға, жемістр 14, 9 пайызға, макорон өнімдері  14, 7 пайызға , жұмыртқа  10 пайызға қымбаттаған. Бұл тізімді тек арттыра беруге болады. Керісінше қымбаттмайтын заттар санына бір қолдың бес саусағы көптік етеді.  

   Біздің Үкімет мүшелері үшін пандемия жағдайында бұл қалыпты жағдай. Жиында олар депутаттар тарапынан айтылған базыналардың бәріне осындай желеу айтып, әлемдік жағдайды мысалға келтірумен болды. Қазақстанды өздері жиі барып тұратын Еуропамен салыстырады. «Қарға қазға еріп аяғын үсіттінің кері» болып жатқандай елімізде. Еуропа қайда, Қазақстан қайда? Өзінің нарыққа шығаратын өнімі жоққа тән, азық-түлігінің, көйлек –көншегінің, дәрі-дәрмегінің денін сырт  елдерден алып, күллі қаржысын солардың экономикасын дамытуға салып отырған, күнкөрісі долларға тәуелді елімізді дамыған қауымның тірлігімен салыстыру қандай қисынға келеді. Бізде осыны зерделей алатын еш шенеунік қалмаған ба, әлде…

Ауадан алынған инфляция

  Қызығы сол –  қымбатшылық өршіп бара жатса да  елдегі инфляция деңгейі  2020 жылы 7,5 пайызды құрады және болжамды 8-8,5 пайыз шеңберінде сақталды. Бұл көрсеткіш Әлімбаев мырза айтқандай  негізгі нақты жағдайды бейнелеуі тиіс еді.  Алайда, базардағы баға мен инфляция арасы жер мен көктей деуге болады. Құзырлы орындардың инфляция деңгейін неге сүйеніп жасап отырғаны түсініксіз.   Жиында орынды қойылған осы сауалға  мардымды жауап айтылмады. Олардың сөзінен түйгеніміз, біздегі шаралардың бәрі салдарымен күресу.  Яғни, жергілікті бюджет есебінен жеңілдетілген несие ретінде  сауда жүйелерінде бағаларды ұстау үшін  33 млрд. теңге бөлініпті. Монополияға қарсы шаралар іске асырылып, шектеу бағалары енгізілуде.  Тағы азық-түлік бағаларының бағасын тұрақтандыру үшін көтерме тарату орталығын  салу жоспарланып жатыр екен. Яғни, жиында Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматуллин айтқандай, қымбатшылыққа жеткізген  жағдайдың өзін жою, яғни, елдегі қайта өңдеу саласын жолға қойып, өнім молшылығын арттыратын  нақты секторды дамытып, халықтың табысын арттыруға бағытталған  жобалар   қолмен қойғандай түзілген айқын  жоспар жоқ.   «Қоянның түрін көріп қалжасынан түңіл» демекші, біздің шенеуніктердің бұл  кейпіне қарасақ,  сырттың  беретін борышына телміргеніміз телмірген секілді. Ұлттық қордың да аз уақытта түбі көрініп қалатыны да еш күмән тудырмайды. Олай болса, Үкімет болжап отырған  2021-2025 жылдағы  инфляция деңгейін 4-6 пайызы неге негізделіп отыр? Тағы түсініксіз.

   Бар қаржы тиімсіз жұмсалуда

 Наталья Николаевна да  өз  баяндамасында осындай қисынға келмейтін біраз деректі келтірген еді. Әдеттегідей, бізде бюджеттегі аз қаржының өзінің  игерілмеу фактісі бар. Былтыр 18 млрд.теңге игерілмей қалыпты. Соның ішінде  әлеуметтік секторға бөлінген бюджет қаражатының   44 пайызының 33 пайызы яғни, 570  млрд. теңгесі  тиімсіз жұмсалыпты.  Бұл пандемияның салдарын жеңілдету үшін жіберіп алынған мүмкіндік. Бұған себеп болған қашанғысындай болжамдағы қателік, жобаларды жеткіліксіз қаржыландыру, орындау кезінде нашар қаржылық тәртіп. Оның  мысалы  ретінде бас есепші жұмыспен қамтамасыз етуге және халықтың табыс деңгейін арттыруға бағытталған дағдарысқа қарсы қаражатты пайдалану үрдісін атаған еді. Оның айтуынша, жұмыссыздық деңгейін 4,9 пайыз деңгейінде сақтауға қол жеткізілгеніне қарамастан, бастапқыда шығындардың едәуір бөлігі уақытша жұмыс орындарын ашуға тиесілі болып, оларда жұмысқа орналастырудың орташа кезеңі 1-3 айды құрады. Қабылданған дағдарысқа қарсы жобалардың тек 14 пайызы ғана  ұзақ мерзімді экономикалық активтерді және объектілерді құруға бағытталған. Қалғаны – ағымдағы жөндеу, көгалдандыру және сол сияқтылар. Мұндай шаралардың әсері  қысқа мерзімді болатыны белгілі. Өңірлер жаңа өндірістерді құру, қолданыстағы қуаттарды кеңейтуге бағытталған  жобаларды мүлде ұсынбаған.  Бюджеттің кіріс бөлігінің мүмкіндіктері шектеулі кезінде  жағдайды жақсартудың қозғаушы күші болатын  басымдықтар дұрыс белгіленуі керек еді. Өкінішке орай, талай көтеріліп жүрген  бұл мәселеге бар саланы тығырыққа тіреген  пандемия да әсер ете алмаған сияқты. Тағы бір түсініксіз  жайт: аяқталмаған жобалардың үлесі 8 пайызға жетсе де  министрліктердің қалай 100 пайыз  нәтиже шығарғаны.

 Бағдарламаларда дәйексіздік бар

   Бағдарламаларды жиі түзету немесе оларды қойылған міндеттеріне қол жеткізу деңгейін бағаламай  күшін жою да сұрақ тудыратын мәселелердің бірі. Мәселен, соңғы он жыл ішінде тұрғын үй құрылысы саласындағы үш бағдарламаның мерзімінен бұрын тоқтатылыпты.  2020 жылдан бастап қолданылатын «Нұрлы жер» бағдарламасына қазірдің өзінде 4 рет түзету енгізілген.  Иә, өмір бір орында тоқтап тұрмайды. Дегенмен мұндай жиі өзгерістер осы саланың дамуында дәйектіліктің жоқ екендігін айғақтайды. Жекелеген жағдайларда аса маңызды салаларды дамытудың стратегиялық пайымдары әлі күнге дейін жоқ. Годунова ханымың айтуынша, мысалы бізде жер ресурстарын дамыту стратегиясы ғана емес, тіпті тұжырымдамасы да жасалмаған. Стратегиялық және бағдарламалық құжаттарда белгіленген жекелеген индикаторлар мен көрсеткіштер жер балансын санаттар бойынша бағалап, даму көкжиегін айқындауға мүмкіндік бермейді. Геодезияда осы күнге дейін 1942 жылғы координаттар жүйесін басшылыққа алынуда. Үкімет қаулысы шықпаса да өңірлердің бірқатарында жер учаскелерін иеліктен шығару аудан әкімдіктерінің өз білермендігімен  жүргізілуде. Ал бұл сыбайлас жемқорлық үшін алғышарт. Ең бастысы ауыл шаруашылығы әлеуетіне және тұтастай елдің азық-түзік қауіпсіздігіне теріс әсер ететін жағдай.  

Заңсыздық квазимемлекеттік секторда көп

   Квазимемлекеттік сектордағы нысандар  бір ерке балаға айналып отыр. Былтыры «Самұрық-Қазына» қоры, «Қазақстан темір жолы», «Самұрық-Энерго», «Қазақтелеком», «Ақтау халықаралық теңіз сауда порты», «Тау-Кен Самұрық», «Samruk-Kazyna Construction», «Біріккен химиялық компания», «ҚазМұнайГаз» ҰК»,  «Қазатомөнеркәсіп» және басқаларында қаржылық бұзушылықтар 41 млрд. теңге, активтерді тиімсіз басқару – 340 млрд. теңгеге жуықтапты.  Олардың рөлінің түйінді факторы – елдің дамуының стратегиялық жоспарында айқындалған ұлттық экономиканы жаңғырту, болса, оның әлі ауылы алыс болып тұр. Солай бола бұл ұйымдар  бюджеттен жыл сайын – 817 млрд.теңгені еншілейді екен. Былтыр шамамен оның 20 млрд. теңгесі игерілмепті.  Бұрын жинақталған қалдықтармен қосқанда орны табылмаған қаржының көлемі  56 млрд.теңгеге жетіп отыр.  Бұл 2018 жылғы деңгейден  3 есеге көп.  Мұндай қаржыға  мемлекет қосымша 1200 орынға арналған 18 мектеп салар еді.

      Бас есепші сонымен қатар трансферттердің де тиімсіз жұмсалғанына назар аудартқан болатын. Годунова ханымының айтуынша,  трансферттер мен бөлінген қаржыны  кері қайтарып алудың  негізгі мақсаты – бюджетті теңестіру дұрыс айқындалмаған. Субвенциялар мен алып қоюларды айқындау кезінде әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымның бүгінгі жай-күйі ескерілмейді. Мысалы  кейбір жерлерде асар әдісімен салынған немесе тіпті апаттық жағдайдағы мектептер бар, ал бір жерлерде жағдай өте жақсы. Мысалы, Атырау облысы үшін алып қоюлар бюджет шығыстары бір тұрғынға есептегенде Қарағанды облысының шығыстарынан 2,5 есе асып түсетіндей болып белгіленеді. Бұл жағдай жыл сайын қайталанып келеді.  

    Тоқ етерін айтқанда бюджеттің атқарылуындағы көптеген кемшіліктер жүйелі сипатқа ие.Ол туралы депутаттар да аз айтпайды.  Есеп комитетінің беретін ұсынымдары, тіпті тапсырмалары жеткілікті.  Алайда, баяғы жартас, бір жартас. Сондықтан  бұл ұйымның  Мемлекет басшысына жасаған  әр жылдың соңында бюджет қаражатын тиімді жоспарлап, игеру нәтижесі  қаралатын  кеңес өткізу туралы ұсынысынан пайда болар ма екен? Егер айтудан, ескертуден мәселе шешілетін болса, Қазақстан ендігі бәсекеге қабылетті отыз елдің  басында жүрер еді. Бұл жерде үкіметті  талантты, білікті, іскер, елге жанашыр, озық ойлы  кадрлармен жасақтаудан өзге жол жоқ деп есептейді қоғам. Расында ел арасында «Қосылғыштар» аталып кеткен қазіргі шенеуніктердің орнын алмастыра беруден пайда әзірге көрінер емес…

Айша Құрманғали

Толық немесе ішінара пайдаланғанына қарамастан, сайт материалдарын пайдаланған кезде міндетті түрде uakytnews.kz сайтына сілтеме жасауыңызды сұраймыз.

Сайт әкімшілігі

Жаңа

В Талгарской районной больнице открылся Ситуационно-аналитический центр

В Талгарской центральной районной больнице по инициативе руководителя управления здравоохранения Алматинской области Алмата Турысбекулы, а также при содействии и...