ҚР ІІМ Академиясында болашақ заң қызметкерлері елімізге белгілі журналистермен және шығармашылық тұлғалармен кездесті. Бұл кездесу – жай ғана әңгіме алаңы емес, жас ұрпақтың сана-сезіміне құқық пен тәртіптің, әділет пен адалдықтың құндылығын сіңірген тағылымды сәттердің бірі болды.
Кездесу қонақтарының қатарында ҚР Журналистер одағының мүшесі, ішкі істер органдарының құрметті қызметкері, отставкадағы полиция полковнигі Әмірбек Шаймағанбетов, «ЗАҢ» журналының редакторы Түймегүл Ибашева, «Юридическая газета» тілшісі — Беркимбаева Агия Куандыковна мен Түркістан облыстық сотының ұйымдастыруымен өткен жазушы Кемел Тоқаев атындағы республикалық детектив жанрындағы шығармалар байқауының жеңімпазы, жазушы — Нұрлыбек Саматұлы.
2021 жылы жарық көрген «Тәуелсіздік қырандары» – тек көркем туынды емес, еліміздің тарихынан сыр шертетін, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің ерлігін баяндаған деректі-көркем жанрдағы ерекше еңбек. Авторы – отставкадағы полиция полковнигі, журналист Әмір Шаймахамбет және жазушы Нұрлыбек Саматұлы. Бұл кітап – тәуелсіз Қазақстанның алғашқы жылдарындағы қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік үшін күрескен тәртіп сақшыларына арналған құрметтің көрінісі. Кітаптағы оқиғалар жазушының қиялынан туған емес. Бұл – 1990-2000 жылдар аралығында Қазақстанда орын алған нақты ауыр қылмыстардың хроникасы. Архив құжаттарына сүйене отырып жазылған шығармада сол қылмыстарды ашқан полиция қызметкерлерінің жанқиярлық еңбегі, тергеу барысындағы тәуекел мен табандылық көркем тілмен өрілген. «Бұл кітап – өткен күннің үнсіз батырларына тағзым. Олар тәуелсіздік үшін күреспесе де, оның сақталуы мен нығаюы жолында елеулі еңбек етті. Қоғамдағы тәртіп пен тыныштықты сақтау – үлкен батырлық. Қазір олардың көбі зейнетте, бірақ сол дәуірдің тынысын жеткізу – біздің борышымыз», – дейді Әмір Шаймахамбет. Шығармада детектив жанрының элементтері бар. Бірақ ол бір ғана мақсатқа – оқырманға нақты өмірдегі қылмыстық істердің қаншалықты күрделі, ал тәртіп сақшысының жұмысы қандай жауапты екенін ұғындыруға бағытталған. Бұл – болашақ полицейлерге арналған өмірлік сабақ. “«ЗАҢ» Медиа-корпорация” ЖШС ұйымдастырып отырған Кемел Тоқаев атындағы детектив жанрына арналған шығармалармен таныссаңыздар, бұл мамандыққа деген қызығушылықтарыңыз артып, терең ойлау, сараптау қабілеттеріңіз одан әрі шыңдалады», — деді Әмір Шаймахамбет.
Жазушының бұл бастамасын қолдаған «Таң-Шолпан» журналының бас редакторы Нұрлыбек Саматұлы:
Әмір Шаймахамбет бір күні маған: «90-жылдары біз көрмеген сұмдық қылмыстар болды. Қаншама полицей өмірін қатерге тігіп, сол істерді ашты. Сол кезде ерлік көрсеткен қыз-жігіттер қазір зейнетке шығып кеткен. Бірақ олардың аттары, сол істерге сіңірген еңбегі ұмытыла бастады. Осы оқиғаларды көркем тілмен, дерекке сүйеніп жазсақ қалай болады?» – деді. Мен бұл ұсынысты бірден қабылдадым, себебі бұл жай ғана әдеби жоба емес, бұл – ел есінен кетіп бара жатқан тарих, — дейді Нұрлыбек Саматұлы.
Оның айтуынша, бұл кітапты жазу – үлкен жауапкершілік. Себебі әрбір кейіпкер – өмірде болған нақты адам, әрбір оқиға – архивтен алынған шынайы дерек. Авторлар шығарманы тек деректі баяндаумен шектеліп қоймай, көркемдік құралдармен оқырманға жеңіл әрі түсінікті жеткізуге тырысқан.
— Біз бұл туындыны шындыққа сүйене отырып, көркем детектив түрінде жаздық. Себебі жастар оқуға қызықсын, түсінікті болсын дедік. Бұл кітап – болашақ полицейлер үшін де, жалпы қоғам үшін де маңызды. Өйткені онда заңның салтанат құруы үшін жанын салған, ешкім танымайтын батырлардың бейнесі бар. Бұл кітапты оқыған адам ерлік пен әділдіктің не екенін сезінеді. Осындай еңбектер – жас буынға үлгі, — деді ол.
Сондай-ақ Нұрлыбек Саматұлы бұл кітап жай ғана әдеби туынды емес, отан алдындағы қызметке адалдықты дәріптейтін, жас ұрпақтың сана-сезімін оятатын еңбек екенін атап өтті.
Нұрлыбек Саматұлы студенттерге арнаған сөзінде құқық қорғау саласының мәнін тереңінен ашып көрсетті. Ол полиция мамандығына тек қызмет ретінде емес, үлкен миссия ретінде қарау қажеттігін баса айтты.
— Сендер – болашақ полиция қызметкерлерісіңдер. Бұл – жай ғана мамандық емес. Бұл – ел алдындағы борыш, халық алдындағы жауапкершілік. Полиция дегенде менің көз алдыма бүкіл адамзаттың тыныштығын сақтайтын, әділеттілікті қорғайтын, заңға бағынатын, заңның үстемдігін орнататын азаматтар келеді. Сендер – солардың жолын жалғайтын жас буынсыңдар. Сондықтан бұл саланы жүрекпен таңдау керек. Себебі бұл қызметтің артында бір адамның емес, тұтас қоғамның тағдыры тұрады, — деді ол.
“Тәртіп сақшылары, әсіресе жас мамандар білім-ғылымға құштар болмай, әділ қоғам құру мүмкін емес” деді. Ал, заң мен тәртіпке бағыну әрбір қазақстандықтың міндеті екенін айтты. Қызықты дискуссия барысында курсанттар сұрағын қойып, қос тарап емен-жарқын диалог құра білді.
Аружан Мауленбай
Заң газеті