Түркістандағы «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының Ясауитану ғылыми орталығы «Хикметтердің» көне қолжазба нұсқасына қол жеткізді. Жергілікті тұрғындардың көмегімен табылған 17 құнды қолжазба мен сирек кітаптар қазақ руханиятының бай мұрасын толықтырып, ғалымдарға жаңа зерттеу мүмкіндігін ашты.
Мемлекет басшысының пәрменімен «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы жанынан құрылған Ясауитану ғылыми орталығы қазақстандық рухани мұраға жаңа жәдігерлерді қосты. Бұл оқиға тек музей-қорық үшін ғана емес, бүкіл Қазақстанның рухани қазынасы үшін маңызды тарихи белес болып отыр.
Саурандық азаматтар – «Мейірім» қайырымдылық қорының төрағасы Еркін Сапаров пен Бекметов Алимжан Рамазанұлы ұрпақтан ұрпаққа сақталған 17 құнды қолжазба мен сирек кітапты орталыққа сыйға тартты. Бұл кітаптардың әрқайсысы – ғасырлар бойы мұқият сақталып, ұрпақтан ұрпаққа жеткізілген асыл қазына. Ата-бабалары қари, дін ғұламасы болған Әлімжан Рамазанұлының отбасы мен туыстары бұл жәдігерлерді өз аталары Тоймат қаридан аманаттап алып, сонымен бірге Раманқұлбай ата нағашыларынан да қалған сирек кітаптарды мұқият сақтаған, талай жыл көздің қарашығындай қорғап келген. Орталық зерттеушілері атап өткендей, ең көне кітаптардың бірі – 1544 жылға тиесілі. Алайда орталық үшін ең құнды жәдігер – Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың «Хикметтерінің» ең көне нұсқасы. Бұл қолжазба 192 жылдық тарихқа ие. Басқа хикметтер нұсқалары сияқты, бұл қолжазба да Мәніжат бөлімімен аяқталады.
Ясауитану ғылыми орталығының басшысы, мәтінтанушы Сайпулла Моллақанағатұлының айтуынша, бұл нұсқа біздің жыл санауымыз бойынша 1834 жылға сәйкес келеді. Осы орайда айта кетерлік жәйт, Әзірет-Сұлтан музей-қорығының қолжазба қорындағы ең көне қолжазба 1845 жылға тиесілі болса, табылған Хикметтер осыдан 10 жыл ерте жазылған нұсқа болып отыр. Бұл музей үшін де ерекше құнды дүние болып табылады. Қолжазбаның мәтіндік ерекшеліктері, қағаз құрылымы, каллиграфиялық белгілері оның тарихи құндылығы жоғары екенін дәлелдейді. Қолжазбалар арасында Ғаусул Ағзам Абдулқадир Жайлани рисаласы, Сүлеймен Бақырғани Хикметтері, Низамидің өлеңдері, Мәшрәбтің өлеңдерінің де нұсқалары бар екен. Табылған жәдігерлер алдағы уақытта реставрациядан өтіп, орталық ғалымдарының терең зерттеуіне жол ашылады. Қолжазба тек тарихи құндылық қана емес, рухани сабақ ретінде де ерекше мәнге ие. Ғалымдар бұл нұсқадан жаңа деректер алып, Ясауи ілімі мен философиясын тереңірек зерттеу мүмкіндігіне ие болады.
Жинақтың ішіндегі хикметтер орталық мәтінтанушыларының зерттеуімен қазіргі ғылыми айналымдағы белгілі жинақтармен салыстырылды. «Хикметтердің басым бөлігі «орта кезең» қолжазбалық қабатына жақын келеді (XVI–XVIII ғ.). Кейбір хикметтер кейінгі басылымдарда өзгеріп жеткен, ал бұл қолжазбада көне түркі лексикасы сақталған. Мәтіндердің тақырыптық бірізділігі мен тахаллус қолдану дәстүрі Ясауи мектебінің өз қолымен түзілген ертеректегі корпусқа меңзейді. Қолжазбадағы хикметтердің жалпы саны 120 хикмет, 39 хикметі қазіргі біз пайдаланған каталогтарда мүлде кездеспейді, демек бұл қолжазбаның бірегейлігін айғақтайтын дерек. Қолжазбадағы Ясауиге қатысты 16 түрлі тахаллус (лақап есім) тіркелді. Бұл – Ясауи поэзиясының авторлық шеңберін, шәкірттер қолының араласу деңгейін анықтауға тың мүмкіндік. Мәтінде өте көне түркі сөздері сақталған, мысалы: «иазуқларың» (гүнаһларың орнына), «илкиң» (қолыңа), «тұрур ердім» (бұрын «турурымда»), «әзір болып» (кейінгі мәтіндерде: «әзір тұрып»), «тариқ кірген» (кейінгі нұсқалар: «тариқатқа кірген»). Бұл ерекшеліктер мәтіннің көшірілу сатыларында өзгеріске ұшырамай, ертерек кезеңдегі диалектілік белгілерді сақтап қалғанын көрсетеді. Сияның түсі әр парақта біркелкі; қолжазбаны бір ғана хаттат көшірген; кей тұста созылыңқы әріп үлгілері мен шағатайлық ырғақ байқалады»,- дейді Орталықтың ғалымдары.
Ғасырлар бойы сындардан өтіп, көздің қарашығындай сақталған бұл қолжазбалар – рухани қазынамыздың ең асыл бөлігі. Әр парағы тарихтың куәсі, әр жолы бабаларымыздың даналығы мен парасатының көрінісі. Еркін Сапаров ықпалы мен Әлімжан Рамазанұлының қажырлы еңбегі арқылы бұл жәдігерлер бүгінгі ұрпаққа жетті. Ендігі жерде орталық ғалымдары мен музей қызметкерлері қолжазбаларды толық зерттеп, ғылыми айналымға енгізу арқылы қазақстандықтар мен әлемдік қауымға таныстыруды жоспарлап отыр.
Ғасырлар бойы сақталып келген бұл рухани қазына бүгінгі ұрпаққа аманат болып жетті. Табылған хикметтер мен сирек кітаптар арқылы қазақ руханиятының бай мұрасы қайта толықты, тарих пен мәдениет, ғылым мен руханият үйлесімі қайта көрінді. Бұл жәдігерлер тек ғылыми зерттеу үшін ғана емес, келешек ұрпақ үшін рухани сабақ пен ұлттық мақтаныш болып қала бермек.
Әлия Білдебекова,
Әзірет-Сұлтан Ұлттық тарихи-мәдени музей қорығы, Ясауитану ғылыми орталығының аға ғылыми қызметкері