Қазіргі жаһандану дәуірінде ақпараттық кеңістіктің шексіздігі, интернет пен әлеуметтік желілердің ықпалы балалар мен жасөспірімдердің сана-сезіміне ерекше әсер етуде. Сондықтан, отбасындағы тәрбие бұрынғыдан да маңызды. Баланың бойындағы жауапкершілік пен адамгершіліктің, тәртіп пен мәдениеттің негізі, ең алдымен, ата-ананың күнделікті қарым-қатынасы мен үлгі-өнегесінен қалыптасады.
Соңғы жылдары қоғамда жасөспірімдердің түнгі уақытта қараусыз жүруі салдарынан түрлі келеңсіз жағдайлардың орын алуы жиілеп отыр. Бұл тек құқық бұзушылық қана емес, сонымен бірге баланың өмірі мен денсаулығына төнген қауіп. Көптеген зерттеулер көрсеткендей, түнгі уақытта қараусыз қалған жасөспірімдер теріс ортаға тап болып, құқыққа қарсы әрекеттерге баруға бейім келеді.
Кейбірі достарының ықпалымен ойланбастан заң бұзады, енді бірі бейқамдықтың немесе отбасындағы бақылаудың жоқтығынан қылмыстық ортаға еріксіз араласып кетеді. Ал кей жағдайда бала өз еркінен тыс, қылмыстың құрбанына айналуы мүмкін. Сол себепті әрбір ата-ана баласының түнгі уақытта далада жалғыз жүруіне жол бермеуі керек.
Түнгі уақытта баланың қауіпсіздігіне жауапкершілік тікелей ата-анаға жүктеледі. Бұл заңмен де бекітілген.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 442-бабы бойынша кәмелетке толмағандардың түнгі сағат 22:00-ден таңғы 06:00-ге дейін ойын-сауық мекемелерінде заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз болуы – ата-анасына үш айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
Кәмелетке толмағандардың түнгі сағат 23:00-тен таңғы 06:00-ге дейін тұрғынжайдан тыс жерде заңды өкілінсіз жүруі – ата-анасына ескерту жасауға себеп болады. Егер осы әрекеттер бір жыл ішінде қайталанса, ата-анасына жеті АЕК көлемінде айыппұл салынады.
Құқықтық сауаттылық әр ата-ана үшін маңызды. Көп жағдайда адамдар заңды білмегендіктен немесе мән бермегендіктен әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Сондықтан, халық арасында түсіндіру жұмыстарын жиі жүргізуі, мектептерде құқықтық дәрістер ұйымдастыру да маңызды рөлге ие.
Қоғамдағы тәртіп пен тұрақтылық заңның әділ әрі уақтылы орындалуына байланысты. Тәртіп бар жерде – қауіпсіздік, қауіпсіздік бар жерде – даму бар. Сондықтан, мемлекет пен қоғамның әрбір мүшесі өз рөлін дұрыс атқаруы қажет. Әрбір ата-ана өз баласының жүріс-тұрысына, мінез-құлқына, ортасына назар аударып, түнгі уақытта бақылаусыз қалдырмау арқылы тек өз отбасын ғана емес, бүтін қоғамның тыныштығына үлес қосады.
Баланың дұрыс бағыт алып, сенімді әрі қорғалған ортада өсуі – еліміздің болашағын айқындайтын басты негіз. Баланың қолайлы әрі қауіпсіз ортада тәрбиеленуі – тек ата-ананың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Сол орта арқылы әр бала өз қабілетін толық ашады, бойына ізгі қасиеттер мен жауапкершілікті дарытады. Осындай қамқорлық пен тәрбие бір арнаға тоғысқанда ғана өрендердің болашағы жарқын болмақ.
Салтанат Рамазанова,
Алматы облысы
Кеген аудандық сотының судьясы
