Қала тұрғындарының бірі Tengrinews.kz тілшісіне көпшілік жиналып, қалай бақылау бекеттерін ұйымдастырғанын айтып берді.
30 жастағы Арман Байжұмановтың (әңгімелесуші өтініші бойынша аты-жөні өзгертілді) айтуынша, 5 қаңтарда кешке «Қаскелеңде қауесет тарай бастаған».
«Адамдар «Алматы Арена» алаңында әйелдер мен қыздар зорланғанын айтып жүрді. Сонымен қатар, жиналғандар қала маңындағы аудандарға тарап жатқаны айтылды. Әрине, қатты алаңдадық, сондықтан шағын қаламыздағы жастар мен ер адамдар отбасын қорғау үшін көшеге шықты.
Әркім үйінен не табылды, соны қолына алып шықты. Бақытымызға қарай, аңшылар көп, сәйкесінше заңды аңшы мылтығы барлар болды. Ал жоқтар қолына өзін қорғау үшін таяқ, темір және басқа да заттарды алды», – деді ол.
Бұдан кейін халық сақшылары Қаскелеңнің кіреберіс-шығыс жолдарына шыққан. Адамдар көлік және басқа да заттармен жолды жауып қойған.
«Олар кірген шыққан көліктерді мұқият тексерді. Өйткені Алматыда құрал-жабдықтар дүкені, супермаркеттер мен басқа да сауда орындары тоналып жатқанын білдік», – деп қосты Байжұманов.
Ер адамның айтуынша, әрбір пунктте 30-дан 50-ге дейін адам кезек-кезек кезекшілікке тұрған.
«Күзет тек түнде ұйымдастырылды. Күндіз бақылау-өткізу бекеттері болмады. Мен белгілі бір жағдайға байланысты бекеттерге екінші күні ғана бара алдым. Екі пунктке бардым. Полиция қызметкерлерін байқамадым. Жұрт олар формасыз кезекшілікте жүргенін айтты. Үшінші түні полиция көліктері бақылау-өткізу бекеттерінде болды», – деді ол.
Ер адамның айтуынша, бекеттердегі адамдар ауызбіршілік танытқан. Олар тамақ пен ыстық сусындар алып келіп, көмек ұйымдастырған.
«Қаскелеңге шабуыл жасағысы келетін бірде-бір шабуылдаушыны анықтаған жоқпыз. Соған қарамастан, тұрғындардың кез келген сәтте өз қаласын қорғауға дайын болғанына қуаныштымын», – деді Байжұманов.
Оның айтуынша, Алматыдағы тәртіпсіздіктерден кейінгі түні Қарасай ауданының басқа ауылдарында да осындай жасақтар мен бақылау бекеттері ұйымдастырылған. Олардың ішінде Алмалыбақ (ҚИЗ), Ұзынағаш, Райымбек т.б. бар.