Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Бас прокуратура «Алматы қасіретінің» және басқа өңірлердегі террористік шабуылдардың барлық себебі мен егжей-тегжейін анықтау үшін жұмыс істеп жатқаны хабарланды.
«Бүгінде жедел тергеу топтары 494 қылмыстық істі тергеп-тексеріп жатыр, оның ішінде 44-і – терроризм актілері бойынша, 34-і – жаппай тәртіпсіздіктер бойынша, 15-і – адам өлтіру бойынша», – делінген хабарламада.
ТЖ режимі кезеңінде жасалған құқық бұзушылықтар үшін 6 966 әкімшілік іс бойынша хаттама толтырылған.
«4 918 адам әртүрлі әкімшілік жауапқа тартылды, оның ішінде 1 978 адам қамаққа алынды. 791 адамға айыппұл салынды және 2149-ына ескерту жасалды. Соттардың қарауында 2048 материал бар», – деді ведомство баспасөз қызметіндегілер.
Қылмыс жасады деген күдікпен 524 адам уақытша ұстау изоляторларына қамалған. Сот санкциясымен 412 адам қамауға алынған.