Соған қарамастан, темір тұлпардың бағасы шарықтап тұр.
Ел ішіндегі жеңіл көліктердің тең жартысы тозған. Десе де, оның бағасы қымбаттамаса, арзандайтын түрі жоқ. Ал шеттен кіретін көліктерге қойылатын алым-салымдар тым қымбат. Мәселен, бір утилизациялық алымның өзі, бізде өзге мемлекеттерге қарағанда 10 есе жоғары, деп хабарлайды «Астана» телеарнасы.
Ресми статистикаға сүйенсек, республика бойынша 4 млн-ға жуық темір тұрпар бар. Оның 64 пайызының пайдалану мерзімі 10 жылдан асып кеткен. Соған қарамастан, темір тұлпардың бағасы қалтаны қағуда. Дегенмен Президенттің утилдеу процесін мемлекет қарамағаны өткізу туралы шешімі көпшілікке үміт сыйлады. Сарапшы Нұраддин Садық утилизациялық алыммен қоса бастапқы тіркеу құнын да азайтса екен дейді. Сонда ғана бұқараның жаңа көліктерге қол жетімділігі артар еді деп түйді.
«Көлік тұтынушылар нарығындағы дефицитті жойған мәселе бұл әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтың азаюына алып келеді. Осы секілді мәселелердің барлығын реттеуге көмектесетін болғандықтан біз утиль алымымен қоса бастапқы тіркеу мәселесінде, қайта қарастыруын сұраймыз», – деді сарапшы Нұраддин Садық.
Көпшілік көлік арзандайды деп болжайды. Дегенмен экономист Сапарбай Жобаев утилизациялық алым арзандағанымен ол көлік бағасына әсер етпейді деп отыр. Сондықтан баға арзандайды деп кесіп айтуға әлі ерте көрінеді.
«Баға ертең бірден түседі немесе қалады деп айту өте қиын. Оны сатып үйренген адамдар мәселен, сол жоғары бағада, олар соны бірден төмендете ма менің соған күмәнім бар. Көлікке сұраныс төмендесе онда баға біраз төмендеуіде мүмкін, жаңағы утильсбордың көлемінде ғана. Ал қалғанына өзгермейді», – деді экономист Сапарбай Жобаев.
Айта кетейік, утилизациялық алым мәселесі көптен бері қарашаның ашуын туғызғаны мәлім. Шеттен көлік кіргізейін десе алым-салықтың түр-түріне бетпе-бет келіп жүр. Біріншісі – кедендік баж салығы. Екіншісі – бастапқы тіркеу. Үшіншісі – «Еуро-5» стандартына сәйкестік сертификаты. Төртіншісі – утилизациялық алым. Көлік иесінің сорын қайнататын да осы төртіншісі. Сарапшылардың айтуынша, елімізде утилизациялық алым мөлшері өзге мемлекеттермен салыстырғанда тіпті ақылға қонымсыз екен.
Мәселен, 2021 жылғы дерек бойынша Жапонияда утиль алымының құны 100 АҚШ долларынан- 200 АҚШ доллары аралығында болса, Германияда шамамен 100 Еуро. Ұлыбританияда 50 Еуро мен 80 Еуроға дейін. Біздің ақшаға шаққанда шамамен 50-100 мың теңгенің айналасында болып отыр. Ал Қазақстанда бұл құн 4-5 млн теңгеге барады екен.
Бізде де мұхит асып Америкадан, Жапониядан көлік мініп келгісі келетіндер көп. Бірақ ішкі алым-салықтар оған жол бермейді. Дегенмен билік өкілдері бұл мәселені байқаған сыңайлы. Ендігісі Үкіметтің жаңа қадамдары көптің үмітін ақтаса игі.