Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин Президенттің тапсырмаларын Мәжіліс депутаттары тарапынан қадағалау мақсатында «Жаңа Қазақстан» атты депутаттық топты құруды ресми түрде жариялады, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Жаңбыршин 11 қаңтарда Президент Парламент Мәжілісінің және кешегі Үкіметтің отырысында елімізде атқарылатын біраз мәселелерді белгілеп, нақты міндеттерді қойғанын атап өтті.
«Жалпы қоғам мен мемлекет арасындағы қарым-қатынаста трансформацияның қажеттілігі туындағанын және «Жаңа Қазақстанды» құру туралы Қасым-Жомарт Кемелұлы қайта-қайта айтып жүр. Мұндай кешенді трансформация ең алдымен, Парламент қызметінде орын алып, Мәжіліс қабырғасынан басталуы шарт», – деді Жаңбыршин Мәжіліс отырысында.
Депутаттың айтуынша, «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобы қоғамдағы ең өзекті мәселелерді дер кезінде Парламент төрінде көтеріп, тұрғындардың мұң-мұқтаждарын уақытында шешуге қызмет етеді.
«Үкіметпен бірлесіп халықтың руханиятын күшейтетін, әл-ауқатын жақсартатын заң жобаларын дайындауға, сайлаушыларымызбен одан ары тығыз қарым-қатынастар орнатуға мүдделі. «Жаңа Қазақстан» депутаттық топтың қоғамдағы барлық белсенді саяси партиялармен, наразы топтармен, үкіметтік емес ұйымдармен және сарапшылармен қоян-қолтық қызмет жасауға ынталы және дайын екенін мәлім етеміз», – деді Жаңбыршин Мәжіліс отырысында.
Еділ Жаңбыршин таныстырған депутаттық сауал 31 депутаттың атынан жіберілген.