Қазақстандықтардың вайнерлер мен блогерлерге деген сенімі азайған. Оған себеп желідегі қаржылық пирамида жарнамалары мен соның құрбандарының басынан өткен жағдайлары, деп хабарлайды 31 арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасы.
Қазақстандықтардың блогерлер мен вайнерлерге деген сенімі төмендеген. Оған мысал Мейіржан Төребаев, Мейірхан Шерниязов және Әзімжан Сайтбаев жарнамалаған Mudarabah Capital фирмасы өнімді салымды уәде еткенімен соңында сенген жандардың қарыздар мен несиелерге батқаны.
Сауалнама нәтижесінде көпшіліктің 51%-ы блогерлерге сенбеймін деп жауап берсе, 28%-ы жағдайға байланысты екенін айтты. 12%-ы Instagram жұлдыздарына таныстары сенеді деп жауап берсе, 8% толықтай сенетінін жеткізді.
Адвокаттар қауымдастығының мәліметінше, өткен жылдың өзінде 200-ден астам алматылық құны 8,5 миллиард теңгені құрайтын инфосығандардың құрбаны болған. Олардың ешқайсысы маңдай терімен тапқан ақшасын қайтара алмаған. Өйткені көптеген алаяқтар жауапкершіліктен құтылып кеткен. Бірақ енді олардың заң алдында жауап беруі қатаңдатылатын болады. Жақында еліміздің қылмыстық кодексінде БАҚ өкілдерін жауапқа тартуға арналған жаңа тарау пайда болады.
“Заң жобасы әлі әзірленуде. Бізге желідегі алаяқтықтан қорғанудың басқа тетіктері қажет. Мысалы жеке медиасауаттылық курсы”,- деді заңгерлер палатасы төрағасының орынбасары Ғабит Өмірбеков.
Кейде тіпті жас қолданушыларды айтпағанда ересектер әлеуметтік желілерде жалған мен шындықты ажырата алмай жатады. Бірақ мамандар интернеттегі алаяқтар қалтаңызға түсіп үлгермейінше ақпараттың растығын тез ажыратуға болатынын айтады.