Ресей мен Украина делегациялары арасында екінші келіссөз аяқталды. Украина президенті кеңсе басшысының кеңесшісі Михаил Подоляктың сөзінше, алда үшінші келіссөз өтеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі «Известие» басылымына сілтеме жасап.
Екі жақ жақын арада гуманитарлық дәліз ұйымдастырып, кей аймақтарда атысты тоқтататындарын мәлімдеді.
«Осы мақсатта алдағы уақытта арнайы байланыс арналары ұйымдастырылып, тиісті логистикалық шаралар қабылданады», – деп түсіндірді Подоляк.
Қос тарап келіссөзді қайта өткізуге келіскен. Ал Ресей президентінің көмекшісі Владимир Мединский екә елдің «кей мәселелерде келісімге кееле алғанын» жеткізді.
«Қазір ғана Украина делегеациясымен негізгі үш мәселе талқыланған келіссөз аяқталды. Бұл мәселелер: әскери, халықаралық гуманитарлық және алдағы уақытта жанжалды саяси жолмен шешу. Талаптар нақты, бөлім бойынша жазылды. Кейбірінде бір-бірімізді түсіне алдық», – дейді Мединский.
Сондай-ақ ол Украина тұрғындарын шығару үшін гуманитарлық дәліз ұйымдастыруға келісілгенін айтты.
«Басты сұрақ – соғыс аймағында қалған тұрғындарды құтқару. Сондықтан Ресей Федерациясы және Украина қорғаныс министрліктерінің өкілдері бейбіт тұрғындар үшін гуманитарлық дәліз режимін енгізуге келісті», – деп қосты Мединский.
Айта кетейік, бұған дейін екі ел делегациялары 28 ақпанда кездескен еді. Алайда бұл кезде қабылданған шешімдер жайлы хабарланбаған.