Өзгеретін, өзгертетін Уақыт!

-6 C
Nur-Sultan
3 C
Almaty
12.3 C
Shymkent

Жетісу жерінде жаңа кәсіпорындар ашылады

Танымал

Ел аузында

Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев пен «Alina Group» компаниялар тобының жетекшісі Ерлік Балфанбаев өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Кездесу барысында қос тарап өңір экономикасын, соның ішінде инновация және құрылыс салаларын дамыту туралы мәселелерді бірлесіп талқылады. Меморандумда құрылыс материалдарын шығаратын екі жобаны іске асыру шаралары қарастырылған. Жобалар алдағы 5 жылға жоспарланып отыр, осы 5 жыл ішінде 2 жобаға 16,3 млрд. теңгеден астам инвестиция тартылады, 500-ден астам жұмыс орны ашылады, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Атап айтқанда, компания Текелі қаласында мрамор ұнтағын шығаратын зауыт ашып, соның базасында құрылысқа қажетті құрғақ қоспалар желісін құруды жоспарлап отыр.

Екінші кәсіпорын Талғар ауданындағы «Қайрат» индустриалды аймағында орналасады. Онда лак-бояулардың сан түрі мен автоклав газблоктары өндіріледі.

Қанат Бозымбаевтың айтуынша, жаңа кәсіпорын Алматы және Талдықорған өңірлерінің экономикалық дамуындағы диспропорцияны азайтуға бағытталған маңызды нысандардың бірі болмақ. Қазір тағы бірнеше инвестормен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Олар облыс орталығы мен оған жақын аудандарда өндіріс ашуға ниетті. Бұл жаңа технологияларды қолданатын, экологияға зиянсыз кәсіпорындар болады.

– Алдағы уақытта Талдықорғанда бірқатар жаңа кәсіпорындар ашылады. Атап айтқанда, шағын тігін фабрикасы, полипропилен құбырларын шығаратын зауыттар, керамикалық кірпіш, темірбетон конструкциялары мен басқа да қажетті құрылыс материалдары шығарылып, тұрақты жұмыс орындары ашылады. Осылайша индустрияландыру арқылы халықтың тұрмысын жақсарту жоспарланып отыр. Бізде білікті техникалық мамандар дайындалып, жұмыс істейтін болады. Оған қоса шағын және орта бизнесті дамытамыз. Тұрғындар 2-3 жылдан кейін оң өзгерістерді сезіне бастайды. Бұл – менің облыс әкімі ретіндегі басты міндетім. Осы орайда Alina Group компаниясы іске асыратын жобалар біз үшін маңызды. Біз өз тарапымыздан жобаға барлық кезеңдерінде қажетті қолдау көрсетеміз. Әрине, ойға алған жоспарларды 100% орындау кейде қиынға түседі. Дегенмен біз оның басым бөлігін орындауға бар күш-жігерімізді жұмсаймыз, – деді Қанат Бозымбаев.

Жаңа кәсіпорындар ашу арқылы туристік әлеуеті мол Текелі қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына оң серпін беріледі. «Alina Group» компаниясы иелігіндегі «Oi-Qaragai Лесная сказка» жыл бойы жұмыс істейтін танымал ірі курорттардың бірі екенін ескерсек, бұл тәжірибе жаңа қадамдарға жол ашады.

Биылғы жылы Текелі қаласын газдандыру жұмыстары басталады. Сумен қамту жүйелерін жаңғырту сияқты маңызды проблемалар облыс әкімінің жіті бақылауында.

Alina Group компаниялар тобының негізін қалаушы Ерлік Балфанбаевтың айтуынша, әрлеу және құрылыс материалдарын өндірумен және сатумен айналысатын компаниялары нарығының отандық нарықтағы үлесі 60% шамасында, бұл ретте өнімдерінің 15%-і Ресейге және Орта Азия елдеріне экспортталады.

– 1999 жылы біздің компаниямыз құрылыс материалдарын шығара бастады. Қазіргі кезде 5 қала мен 3 облыста біздің өндірістік алаңдарымыз бар. Соның арқасында 3 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды. Бүгінгі күні өндірістік қуатының аздық етуіне байланысты жаңа кәсіпорындар ашу, соның ішінде оңтүстік өңірлерде ашу қажеттілігі туып отыр. Сондықтан Алматы облысының басшысынан серіктестік байланыс туралы ұсыныс түскенде қуана қабылдадым. Біз әрдайым бірлесіп жұмыс істеуге дайынбыз. Туризмді дамытуды да назардан тыс қалдырмаймыз. Ұсынылып отырған мемлекеттік бағдарламалар бізге мол мүмкіндік беріп отыр. «Oi-Qaragai Лесная сказка» отбасылық курортының тау шаңғы трассасының ұзындығы шамамен 20 шақырым  болса, инфрақұрылыммен қамтамасыз етуде мемлекет тарапынан қолдау көрсетілген жағдайда оның ұзындығы 60 шақырымға жетеді, – деді Е. Балфанбаев.

Кездесу соңында құрылыс және лак-бояу материалдарын шығару ісіндегі серіктестік байланыстар меморандуммен бекітіліп, құжатқа қол қойылды.

 Өз тілшіміз.

Алматы облысы.

Толық немесе ішінара пайдаланғанына қарамастан, сайт материалдарын пайдаланған кезде міндетті түрде uakytnews.kz сайтына сілтеме жасауыңызды сұраймыз.

Сайт әкімшілігі

Жаңа

ПРОБАЦИЯЛЫҚ ЕСЕПТЕГІ 400 АЗАМАТҚА АРНАЛҒАН ФОРУМ: «ӨТКЕННЕН САБАҚ, БОЛАШАҚҚА ҚАДАМ»

Түркістанда полиция мен прокуратураның ұйымдастыруымен «Өткеннен сабақ, болашаққа қадам» атты форумы өтті. Тәртіп сақшыларының қызметтік жүйесі бойынша пробациялық есепте тұрған...