Хабарландыруларды орналастыруға және жеке тұрғын үйді қысқа мерзімді жалға алуды іздеуге арналған онлайн-сервис Airbnb Ресей мен Беларусьтегі жұмысын тоқтатады, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Компания Ресей Федерациясы мен Беларусь үшін барлық хабарландырулар бұғатталғанын және бұл елдерде жаңа қонақтарды қабылдау мүмкін емес екенін ескертті.
Бұған қоса, 2022 жылдың 4 сәуірден кейінгі күндерге жасалған барлық тапсырыстар жойылады.
«Бұл дегеніміз Ресей мен Беларусь елдерінен үй брондау тоқтатылды дегенді білдіреді және бұл елдерден келген қонақтар енді ешбір елде тапсырыс бере алмайды. Жағдай дамыған сайын біз жаңа ақпарат беретін боламыз», – делінген хабарламада.
Айта кетейік, Батыс елдері Ресеймен сыртқы саясаттан бастап мәдениет пен спортқа дейін дерлік барлық салаларда ынтымақтастықты тоқтатуды жалғастырып жатыр. Мәселен, бұған дейін Hilton және Hyatt қонақүйлерінің желілері Ресейдегі қызметін тоқтатқан болатын.