Нұр-Сұлтан қоғамдық денсаулық сақтау басқармасында Ішкі істер министрлігі ғимаратының алдында өзін өртеп жіберген әйелдің жағдайы туралы айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Қоғамдық денсаулық басқармасының мәліметіне сүйенсек, денесінің кей бөліктерін күйік шалған 1990 жылы дүниеге келген әйел №1 көпсалалы қалалық ауруханаға жеткізілген.
«Ауруханаға жеткізілген соң науқасты комбустиолог, реаниматолог. Токсиколог пен терапевт қарады. Науқастың ауыр жағдайда екенін ескере отырып, ол жансақтау бөліміне жатқызылды. Қазіргі уақытта әйел толыққанды медициналық көмек алуда және жансақтау бөлімі қызметкерлерінің бақылауында. Жағдайы әлі де ауыр деп бағаланды», – деп мәлімдеді қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіндегілер.
Өзін өртеген әйелдің күйеуі қаржылық пирамида кесірінен отбасының 20 миллион теңгеден айырылғанын айтқан. Mudarabah Capital пирамидасының құрбаны қылмыстық іске қатысты шара қабылдауды сұраған.
Айта кетейік, наразылық акциясы кезінде Ішкі істер министрлігі ғимаратының алдында әйел өз үстіне сұйықтық құйып, өртеп жіберген. Оған жанында тұрған полиция инспекторлары көмек көрсетті.