Жуырда үшінші ұлын үйлендірген Гүлзира Айдарбекова кенже келініне қатысты пікірімен бөлісті. Продюсер өзге келіндерінен қарағанда Жібектің өзіне жақын екенін айтты. Айдарбекова мұны аз уақытта байқап үлгерген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Қазақстан” Ұлттық арнасының «1001 түн» бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
«Өте ақылды екен. Заңғар «ақылына тәнтімін» деп айтқан болатын. Байқағаным, маған жақындау сияқты. Менің туған күнім болды. Соның алдында: «Үш келін алған енемін. Қашанғы бүкіл азық-түлікті әкеліп, жағдайды жасап, жүгіріп жүремін? Қашан келіндерім бәрін дайындап, мен қонақ болып келер екенмін?!» – деп Нұреке айтып отырдым. Соны құлағына іліп алған болуы керек. Туған күнімде ертерек дайындалып, Заңғарды қасына алып, дастарханға қойылатын сыйлықтарды реттеп, қымыз-қымыранға тапсырыс беріп, екеуі қақиып тұрып қонақтарды күтіп алды. Дәрілерімді де уақытылы реттеп қояды. Соңғы кезде асқазаным ауырып жүр. Соған мән беріп, дәрігерге апарып жүр», – деп үшінші келіні Жібекке деген ризашылығын білдірді Гүлзира Айдарбекова.
Сондай-ақ, продюсер алғашқы екі келіні жайлы да сөз қозғады. Жұлдызды жастай келін етіп түсіргендіктен, оған өзі тәрбие бергенін атап өтті. Әсіресе, жасаған ісін елдің алдында паш етіп жүрген Әбдікәрімованың қылығын енесіне өзіне ұқсатты.
«Жұлдыз мамасының емес, менің тәрбиемді көрді. Анасы кітапханада жұмыс істеді, шоу-бизнес жағынан менен алған тәрбиесі. Соның барлығын қазір көрсетіп жатыр. Өйткені жастай келді ғой», – деді Айдарбекова.
Ал екінші келіні Әйгерімге:
«Жүрегі мейірімді, адам аяғыш. Арамдығы жоқ, адал», – деп баға берді.
Нұртас Айдарбековтің айтуынша, Әйгерім келін болып түскен кезде қазақша бір ауыз сөз білмеген. Ал бүгінде бұл олқылықтың орнын толтырған.
«Келген кезде нан деген сөздің қазақшасын білмейтін. Қазір қазақша постты менен жақсы жазады», – деп бөлісті Нұртас мырза.