Соңғы кездері елімізде көлік өрттері жиілеп кетті. Төтенше жағдайдың барлығы дерлік газбен жүретін көліктерде орын алуда. Бірақ соған қарамастан көлік жүргізушілері бензин бағасы шарықтап бара жатқан соң, арзандығына қызығып еріксіз газға көшуде. Сондықтан газбен жүретін көлік саны күн санап арта түсуде. Осы орайда ата кетер жайт, өткен аптада Алматы қаласындағы «Алтынбұлақ» тұрғын үй кешенінің астындағы автотұрақта екі бірдей көлік өртке оранды. Өртенген көлік тұрғындарға да қауіп туғызып таңатпай талай ел үйін тастай қашты. Абырой болғанда өрт дер кезінде өшірілген.
Мұндай мысалдар көбейіп барады. Бірақ алдағы уақытта газбен жүретін көліктердің тіпті көбейе түсетін түрі бар. Өйткені бензин бағасы күн санап шарықтап барады. Бір апта бұрын ғана жанармай құю бекеттерінде халық көп тұтынатын АИ-92 маркалы бензиннің бір литрі 140 теңге болса, қазір Шығыс Қазақстан, Қарағанды мен Ақтөбе облыстарында бензин бағасы 150 мен 170 теңге аралығында сатылуда. Алдыңғы апта басқа қалалар, мен облыстарда бензин бағасының өсуі байқалған болатын. Қымбатшылық алдағы уақытта да жалғасуы мүмкін деген болжам бар. Өйткені қазірдің өзінде мұнай өнімінің көтерме бағасы мен тасымалдау құны өскен. Ал тұрғындар «жанар-жағармай бағасы өссе, такси мен тауар тасымалы қызметі, тіпті азық-түліктің де шарықтауы мүмкін» дейді. Ең қорқыныштысы қалтасына түскен салмаққа шыдай алмай көлік жүргізушілерінің газға жаппай көшуі болып отыр. Сондықтан қауіптің алдын алу қажеттілігі сезіледі. Бүгінгі күні республика бойынша газбен жүретін 350 мыңға жуық автокөлік бар екен. Яғни елдегі 4 миллион көліктің 343 мыңнан астамына газ орнатылған. Соңғы үш жылдың ішінде, яғни 2017-2020 жылдар аралығында елімізде газбен жүретін 374 көлік жанып, 5 адам қаза тапқан. Көлік жүргізушілерінің жаппай газға көшуіне орай алдағы уақытта бұл көрсеткіштің тіпті өсе түсуі әбден мүмкін.
Жыл басында елордадағы «Шатыр» тұрғын үй кешенінің тұрғындары да үй астындағы автотұраққа газбен жүретін көліктен шыққан газ иісінің 9 қабатты үйге тарағанын айтып дабыл қаққан болатын. Өкінішке қарай газбен жүретін көліктерді жабық тұраққа қоюға 2019 жылдың желтоқсан айынан бастап тыйым салынғанымен, бүгінгі күні оларды қадағалап жатқан ешкім жоқ. Сондықтан мұндай жағдайлар жиі қайталанса да көлікті сыртына қарап, газбен немесе бензинмен жүретінін анықтау мүмкін болмағандықтан жабық автотұрақтарға кіріп шығып жатқан көліктерді қадағалау мүмкін болмай отыр. Өйткені газбен жүретін көліктерге еш белгі қойылмайды. Тіпті бұл мәселе ІІМ-нің де, ТЖМ-нің құзырына кірмейді екен. Нәтижесінде олардың жауапкершілікті бір біріне сілтеуі салдарынан газбен жүретін көліктерді қадағалау мүмкін болмай отыр.
Осы орайда төтеншелік мамандар«Газ баллонының толтырылу сыйымдылығы 85 пайыздан аспауы тиіс. Яғни, 15 пайызы бос кеңістік ретінде қалуы керек. Ал баллондарды жүз пайыз толтыру үшін оған артық қысымды реттеуге арналған арнайы клапан қолданылады. Жүргізушілердің көбі сол клапанды орнатпайды, бірақ баллонын жүз пайыз толтырып алады. Сосын суықтан жылы жерге кірген кезде газдың көлемі кеңейіп, оның жарылу қаупі туындайды» дейді. Ал осындай қауіпі артып отырған көліктер тұрғын үй кешендерінің астында жарылса, тұрғындардың өміріне қаншалықты қауіп төнетінін ойлаудың өзі қорқынышты», – дейді. Әдетте ірі бір төтенше жағдай болса ғана сақтық шараларын күшейтуге тырысып жатамыз. Ал қауіптің алдын алуға самарқаумыз. Осы орайда газбен жүретін көліктер мәселесіне көңіл бөліп, төтенше жағдайдың алдын алу қажеттілігі сезіледі.
Ерболат Әлішев, көлік жүргізушісі:
– Елімізде газбен жүретін көліктер күн сайын көбейіп келеді. Сондықтан олардың нақты статистикасын жүргізіп, барлығына ортақ қауіпсіздік ережесін қалыптастырмасақ болмайды. Газбен жүретін көлік өртенсе қасындағы басқа көліктерге де қауіп төндіреді. Бірақ қазір біле тұра жабық автотұрақтарға көлігін қойып жүрген көлік жүргізушілері көп. Газ орнатылған көліктерді жабық тұрақтарға қойғандар 15 мың теңге көлемінде айыппұл төлейді. Бұл тым жеңіл жаза болғанықтан көлік жүргізушілері тәртіп сақтай бермейді. Ұсталсам айыппұл төлей саламын деп ойлайды. Тұрғын үйлердің астындағы паркингке кірсең газдың иісі мүңкіп тұрады. Содан-ақ белгілі газбен жүретін талай көліктің рұқсат етілмеген жабық автотұрақтарда тұрғаны. Айта кетер жайт қазір көліктерді техникалық байқаудан өткізу де көзбояушылыққа айналған. Егер талапқа сай болса олар көліктің газбен жүру кезіндегі жай күйін байқайтын еді. Өкінішке қарай, техникалық тексеру де талапқа сай болмағандықтан көліктен келетін қауіптің алдын алуға дайын болмай отырмыз. Үш мың теңгеге көлігін толтырып алып, газбен талай күн жүруге болады. Ал осы суммаға жанармай алсаң жарты бак қана болады. Әсіресе такси жүргізушілеріне бұл тиімді болып тұр. Сондықтан қауіпсіздік шарасын күшейту керек.
Асылжан Мұратбекқызы Еламан