Жаңа жыл жаңалығымен келді. Соның бірі Үкіметтегі ауыс-түйіс болып отыр. Бүгін Мемлекет басшысының Жарлығымен оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов қызметінен кетті. Педагогтер мен қалың көпшілік үшін ол ең ұнамды шенеуніктер қатарында болғаны жасырын емес. Massaget.kzтілшісі Аймағамбетов 4 жылдық қызметте қандай жұмысымен есте қалғанына шолу жасады.
Министрлік екіге бөлінді
Асхат Аймағамбетовтың негізгі мамандығы – тарих мұғалімі. Сондықтан осы саладан алыс болмауы түсінікті. Ол 2019 жылға дейін білім жəне ғылым вице-министрі қызметін атқарған. Ал 2019 жылғы маусымнан бастап 2022 жылғы маусымға дейін білім және ғылым министрі болды. Былтыр 11 маусымда Президент жарлығымен Білім және ғылым министрлігі Оқу-ағарту министрлігі, Ғылым және жоғары білім министрлігі болып екіге бөлінді. Осылайша, Аймағамбетов оқу-ағарту министрі болып тағайындалды. Ал екінші министрліктің басшысы лауазымына Саясат Нұрбек келді.
Алғаш рет буллингке қатысты ереже қабылданды
Бүгін экс-министр Telegram желісіндегі парақшасында ескі жылды қорытындылады. Оның сөзінше, былтыр Қазақстанда алғаш рет ережелер қабылданып, баланы буллингтен қорғау құқығы бекітілген.
«Сарапшылар буллингтің алдын алудың арнайы ережелерін әзірлеп, ал біз оны бекіттік», – деп жазды ол.
Балаларға үйден тамақ әкелуге рұқсат етілді
Асхат Аймағамбетовтің сөзінше, мектептердегі тамақ пісіретін орындарда бейнебақылау қойылған. Сондай-ақ, балаларға үйден тамақ әкелу құқығы және мектептің оларға қажет жағдай жасау міндеті бекітілген.
Психологтардың жұмысы ретке келтірілді
Қазақстанда психологтардың қызметі ретке келтіріліп, олардың жұмысы жүйелі болуына, қағазбастылықтан құтылуына, міндетіне жатпайтын басқа қызметтерді орындамауына жағдай жасалған.
«Педагог мәртебесі туралы» заң бекітілді
2019 жылы 27 желтоқсанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Педагог мәртебесі туралы» заңға қол қойды. Бұл заң педагогтердің мәртебесін арттыру, жүктемесін азайту секілді өзге де мәселелерді заңнамалық деңгейде шешу мақсатында енгізілген. Заңда педагогтердің құқықтары мен міндеттері қарастырылған, сондай-ақ, педагогикалық қызметке рұқсат беру талаптары белгіленген. «Педагог мәртебесі туралы» ҚР заңы 21 баптан тұрады және еліміздегі 500 мыңнан аса педагогтің мүдделерін қорғауды көздейді.
Мектепте жаңа лауазым енгізілді
Еліміздегі мектептерде ерекше балаларға оқу кезінде көмектесетін жаңа қызмет енгізілді. Бұл лауазым «педагог-асситент» деп аталады. Бұл лауазым енгізілген кезде еліміздің барлық өңірінде 700-ге жуық педагог-ассистент жұмысқа кіріскен болатын. Министрлік мәліметінше, ерекше балаларға көбірек көңіл бөлу қажет.
Дарынды балаға ақшалай сыйлық
Халықаралық білім жарыстарына қатысқан балаларға ақшалай сыйақы берілді. Асхат Аймағамбетовтың сөзінше, бұл сыйақыны былтыр 27 оқушы алған.
«Былтырдан бастап алғаш рет халықаралық пәндік олимпиадалардың жеңімпаздары 4,5 миллион теңгеге дейін сыйақы алды. Халықаралық олимпиадалардың 27 жеңімпазы мен жүлдегеріне, сондай-ақ, оларды дайындаған 26 мұғалімге сыйақы берілді. Сонымен бірге, олар ҰБТ-дан өтпей-ақ жоғары оқу орындарына түсуге грант алды», – деп жазды экс-министр жылдың қорытындысын жасап.
Мұғалімдердің аттестациядан өтуіне қатысты өзгерістер енгізілді
«Педагогтердің аттестациядан өту ережесіне өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, біліктілік санатын растағаннан кейін 30 және одан да көп жыл жұмыс істеген мұғалімдер ҰБТ-дан босатылады, зейнетке шығуға 4 жыл және одан аз уақыт қалған мұғалімдер қолданыстағы санатты ұзарта алады, ескі жүйе бойынша санаттары бар әріптестер де ҰБТ-сыз модераторға ауысу мүмкіндігіне ие болды», – деді шенеунік Telegram-да.
Мектеп кітапханаларына көңіл бөліне бастады
Елімізде мектеп кітапханаларына көңіл бөліне бастады. Осыған орай кейінгі екі жыл ішінде мектептегі кітапханаларға 4 миллионға жуық әдебиет сатып алынған.
Мектеп формасы да өзгеріссіз емес
Экс-министрдің сөзінше, мектеп формасына қатысты бұйрыққа өзгерістер енгізілген. Соған сай, дәстүрлі киімдерден бөлек, оқушыларға ыңғайлы киім, яғни, кардиган мен тенниска киюге мүмкіндік берілген.
5 күндік жұмыс аптасы енгізілді
«Үш ауысымда оқитын мектептерді қоспағанда, мектеп директорлары мен орынбасарлары, мектеп мұғалімдері үшін 5 күндік жұмыс аптасы енгізілді. Сенбі енді министрлік бұйрығымен отбасына, сауығуға, өзін-өзі дамытуға арналған демалыс күні болып бекітілді», – делінген Telegram-дағы хабарламада.
Қазақ тілінің мәртебесі туралы
Былтырдан бастап мемлекеттік тілде оқытатын 1-сыныптарда оқушылар тек қазақ тілінде оқитын болды. Ал орыс тілінде оқытатын сыныптарда мемлекеттік тілде және орыс тілдерінде оқи бастады. 2-сыныптан бастап қазақша оқытатын мектептерде орыс тілі қосылады. Ағылшын тілі барлық мектепте 3-сыныптан бастап оқытылады.
Педагогтердің жалақысы өсіп жатыр
2023 жылғы 1 қаңтардан бастап балабақша тәрбиешілерінің, мектептер мен колледж педагогтерінің, сондай-ақ, қосымша білім беру жүйесі мамандарының жалақысы 25 пайызға өсетіні белгілі болды.
Сонымен қатар, мұғалімдер алатын жалақыға қосымша төлемдер белгіленеді. Оған біліктілік санаты үшін жалақының 30 пайызынан 50 пайызына дейінгі мөлшер, магистр дәрежесі үшін, ағылшын тілінде пәндерді жүргізу, дәптерлерді тексеру, сынып жетекшілігі және тәлімгерлік үшін қосымша төлемдер жатады.
Әліппе оралды
2019 жылы министрліктің экс-басшысы мектептерге Әліппені қайтаруға уәде берген еді. Ол 2021 жылы қазақ тіліне бейімделген Ахмет Байтұрсынұлының әдістемесі негізінде енгізілетінін мәлімдеген болатын. Осылайша, 2021 жылғы қыркүйектен бастап қазақстандық мектептерге Әліппе қайтарылды.
ҰБТ электрон форматқа ауыстырылды
Мектеп түлектері Ұлттық бірыңғай тестілеуді электрон форматта тапсырып жүр. Бұл 2022 жылы толық енгізілді.
«Иә, биылдан бастап ҰБТ электрон форматқа көшірілді. Бірақ камералар мен бақылау жүйесі бола береді», – деген еді Асхат Аймағамбетов.
Аттестат пен диплом QR-код арқылы беріледі
Асхат Аймағамбетов Қазақстанда аттестат пен диплом QR-код арқылы берілетінін айтқан болатын. Бұл да білім беру саласындағы жаңалықтардың бірі болды.
«Аттестат пен диплом QR-код арқылы цифрлы форматта беріледі. Әрбір студенттің жеке цифрлы профилі болады», – деген еді экс-министр.