Шардара ауданының тәртіп сақшылары рейдтік іс-шара кезінде, "Фольцваген Гольф" маркалы автокөлікті тоқтатты. Жүргізушінің құжаттарын тексеру барысында, оның ішімдік ішкені бойынша белгілер анықталды. Сондай-ақ автокөлік жүргізушісі өмір бойы көлік құралдарын басқару құқығынан айырылғаны белгілі болды.
Нәтижесінде "Фольцваген" жүргізушісі автокөлікті басқарудан шеттетіліп, медициналық куәландыруға жеткізілді. Қорытындыға сәйкес, жергілікті тұрғын мас халде көлік жүргізгені расталды.
Бұл жайт ҚР ҚК-нің 346-бабы "Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру" бойынша тіркелді. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп, оқиғаның мән-жайы анықталуда.
Шардаралық полиция көшелердің бірінен тағы бір мас жүргізушіні анықтады. Тоқтатылған УАЗ көлігінің жүргізушісіне медициналық зерттеу тағайындалып, оның қорытындысымен ер адамның ішімдік ішіп рульге отырғаны нақтыланды. Полицейлер жүргізушіге қатысты жинақталған материалдарды заңды шешім қабылдау үшін Шардара аудандық сотына жолдады.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі