Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!
Қазақстандағы журналистер мен БАҚ сарапшылары масс-медиа туралы заң жобасы төңірегінде қалыптасқан жағдайға наразы.
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жанынан үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінен, журналистер, сарапшылар мен заңгерлерден құрылған жұмыс тобы бірнеше ай бойы ұсынылған заң жобасының даулы тұстарын талқылап, прогрессивті нормаларға бастамашы болды.
Алайда күтпеген жерден ведомствоаралық комиссия мүшелері басқа бір заң жобасын мақұлдап, Парламентке жолдады. Бұл – жұмыс тобының келісімінсіз, тіпті бұл туралы хабарламай болған жағдай.
Заң жобасының ең маңызды тармақтары барлық интернет-ресурстарды заң аясында қамту, жала жабу ісі бойынша ескіру мерзімінің болмауы, құқық қорғау органдарының «ерекше жағдайларда» БАҚ пен журналистерге қатысты шектен тыс өкілеттіктерінің болуы, материал мәтінін жарияламас бұрын лауазымды тұлғалармен келісу талабы, БАҚ-ты мемлекеттік қаржыландыру жүйесінде өзгерістердің жоқтығы, журналистерді баспасөз картасын беру сылтауымен «тіркеуді» енгізуге қатысты болып отыр.
Бұл әрекет масс-медиа саласының дамуына үлес қосатын жаңа, озық заң жобасын жасауға талпынған қоғамдастықтың еңбегін жоққа шығарады. Жаңа заң жобасының мәтіні журналистер құқын қорғамайды, керісінше БАҚ саласына мемлекеттік бақылауды күшейтеді, бұл халықаралық стандарттарға қайшы және Қазақстандағы медиасаланың дамуын тежейді.
Сіз 2022 жылғы 16 наурыздағы Қазақстан халқына жолдауыңызда: «Тәуелсіз әрі жауапкершілігі жоғары бұқаралық ақпарат құралдары болмаса, қоғамды одан әрі демократияландыру мүмкін емес екеніне сенімдімін. Сондықтан мемлекеттің мүддесін, қоғамның сұранысын және медиасаланың даму үрдісін ескере отырып, БАҚ туралы заңды қайта қарау керек» деген едіңіз.
Сондықтан сіздің осы идеяңыздың беделіне нұқсан келтіретін және қоғам мүддесіне жауап бере алмайтын, демократиялық принциптерді қорғамайтын, маңызды өзгерістер енгізілмеген, екі ескі құжаттың жиынтығынан ғана тұратын заң қабылдағалы тұрған үкіметтің әрекетін ерекше бақылауға алуыңызды сұраймыз.