Түркістан облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының полицейлері арнайы жедел-іздестіру шаралары аясында, ірі көлемде есірткі сақтаған Қазығұрт ауданының тұрғынын ұстады.
Нақтырақ айтсақ, жедел уәкілдер ақпарат көздері арқылы Шымкент тас жолы бойында заңға қайшы зат алып жүруі мүмкін деген күдікпен «DAEWOO NEXIA» маркалы көлікті тоқтатты. Полицейлер автокөлікке тінту жүргізіп, нәтижесінде оның жүк салғышынан күмәнді жол сөмкесін тапты. Ал сөмкеден полиэтилен пакетке салынған ішінде есірткіге ұқсас заты бар 39 дана орама табылып, тәркіленіп алынды.
Тәртіп сақшыларының қырағылығы арқасында табылған затқа сараптама тағайындалды. Зерттеу қорытындысы оның 2 келі 508 грамм марихуана екенін растады.
Аталған жайт ҚР ҚК-нің 296-бабы «Есірткі құралдарымен, психотроптық заттармен, олардың аналогтарымен сату мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу» бойынша тіркеліп, қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Оқиғаның толық мән-жайы анықталатын болады. Күдікті қамауда.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі