Қоғамда қалыптасып отырған жағдайларға, заманауи қажеттіліктерге орай Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгертулер мен түзетулер енгізілгенінен көпшілік жақсы хабардар. Заңнамадағы жаңғыртулар екі бағытты қамтиды. Оның біріншісі қоғамдық жұмыстар түріндегі әкімшілік жазаның жаңа түрін және оны қолдану тетігін енгізуді көздесе, екіншісі әкімшілік заңнаманы жетілдірілуге бағытталған.
2024 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған заңға сәйкес ӘҚБтК-нің 246 бабына өзгерістер мен толықтырулар енгізілген. Соның ішіне қоғамдық пайдалану орындарының ластануына байланысты құқық бұзушылық үшін жауаптылық белгілейтін 434-бап та бар.
Ұсақ бұзақылықтың анықтамасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте нақты дәйектелген. Бұл бап қоғамдық орындарда балағат сөздер айту, жеке тұлғаларды қорлау, тұрғын үй-жайларды қорлау, жалпыға ортақ пайдаланылатын орындардың, саябақтардың, скверлердің ластануы, оның ішінде белгіленбеген орындарда коммуналдық қалдықтардың шығарылуы және басқаларға құрметсіздік білдіретін, қоғамдық тәртіпті және жеке тұлғалардың тыныштығын бұзатын басқа да әрекеттер үшін әкімшілік құқықтық жауаптылықты белгілейді. Осы ретте кодекстің 434-бабына қолданылатын жауаптылық қатайтылған. Заңнамадағы бұл өзгерістер мен толықтырулар 2025 жылдың 1 қыркүйегінен қолданысқа енеді. Соған орай бүгінде сот тарапынан жаңа өзгерістерді халыққа таныстыру, құқықтық салдарын түсіндіру бойынша кең ауқымды ақпараттық жұмыстар жүргізілуде.
Кез келген Әкімшілік құқық бұзушылық сияқты, ұсақ бұзақылық үшін де жауапкершілік 16 жастан басталады. Осы ретте айналасына құрметсіздік танытып, қоршаған ортаны ластаған жасөспірімдерге де жауаптылық барын азаматтарға жеткізу парыз. Сонымен қатар, ӘҚБтК-тің 434-бабы 2-бөлігіне сай белгіленбеген жерге қоқыс тастағандарға 10 АЕК, яғни 39320 теңге айыппұл салынады. Сондай-ақ қоғамдық орында түкіргендер де дәл осы көлемде айыппұл арқаламақ.
Заңнамадағы өзгерістерге орай қоғамда түрлі пікір айтып жатқандар бар. Әрине, қоғамда қанша адам болса, сонша пікірдің туындайтыны заңдылық. Дегенмен, «түкірік үшін де айыппұл төлейміз бе?» деп ренішін білдіріп жатқандар бұл жауаптылықтың қоғамдағы құқықтық мәдениет пен айналаға сый-құрмет таныту дағдысын қалыптастыру мақсатында енгізілгенін түсінуі керек.
Айталық тәуелсіздік алғалы бері біз зайырлы, құқықтық мемлекет құру бойынша іргелі жұмыстар атқарып келеміз. Бәріміз қауіпсіз, өркениетті ортада өмір сүріп, ұрпағымыздың алаңсыз күн кешкенін қалаймыз. Ал мұндай ізгілікті ортаны қалыптастыру айналаға құрметпен қарап, қоғамды сыйлаудан басталады. Үлкендердің қоқысты әр жерге тастап, қақырып, түкіргенін көріп өскен бала да ертең сол жаман әдетті қайталайды.
Ендеше, ұсақ бұзақылыққа немкетті қарау қате. Өйткені, үлкен қылмыстар осындай елеусіз құқық бұзушылықтардың алдын алмағаннан орын алады. Сондықтан, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстегі 434-бапқа енгізілген өзгерістер қоғамның қажеттілігінен туды, мұндай жауаптылық елдің құқықтық мәдениетін арттыруға ықпал етеді деп сеніммен айтуға болады.
Ербол Төкеш,
Алматы қаласы әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының бас маманы – сот хатшысы