Археологиялық зерттеу – тарихи жаңғырудың негізі

Танымал

Ел аузында

«Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы ұйымдастырған баспасөз турында музей-қорықтың жаңа туристік бағытына енгізілген тарихи-мәдени нысандар көпшілікке таныстырылды. Іс-шараға бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, туризм саласының мамандары, тарихшылар, ғалымдар және музей қызметкерлері қатысты.

Баспасөз турын музей-қорық директорының орынбасары Мұрат Тастанбеков ашып, жаңа маршруттың өңірдің тарихи-мәдени мұрасын насихаттаудағы және ғылыми туризмді дамытудағы рөліне тоқталды.

Жаңа туристік бағыттың басты ерекшелігі маршрутқа енгізілген әрбір нысанның ғылыми зерттеулер негізінде қайта жаңғыртылуы. Бұл бағыттың ғылыми тұғырын тарих ғылымдарының кандидаты, археолог Марат Тұяқбаевтың көпжылдық зерттеулері қалыптастырды. Археологиялық қазбалар, мұрағат құжаттары, көне фотосуреттер мен картографиялық материалдарды кешенді саралау нәтижесінде Түркістанның тарихи кеңістігін жаңаша зерделеуге мүмкіндік туды.

Зерттеулер нәтижесінде Баб Араб мешіт-музейі, Жеті ата қақпасы, Баб Араб және Үндемес ата кесенелері тарихи деректерге сүйене отырып қайта жаңғыртылып, жаңа туристік бағыттың негізгі нысандарына айналды.

Баспасөз туры барысында Марат Тұяқбаев жүргізілген археологиялық жұмыстардың ғылыми нәтижелеріне тоқталды. Оның айтуынша, зерттеулердің негізгі мақсаты ескерткіштердің бастапқы сәулеттік келбетін мүмкіндігінше дәл анықтап, тарихи шынайылығын сақтау болған. Сонымен қатар, Жеті ата қақпасына жүргізілген зерттеулер Түркістанның ортағасырлық қорғаныс жүйесі туралы бұрынғы ғылыми тұжырымдарды нақтылауға мүмкіндік берген. Археологиялық қазбалар кезінде Баб Араб мешітінің қабырғалары, кірпіш төселген еден бөліктері мен құрылыс қалдықтары анықталып, олардың өзара орналасу жүйесі айқындалған.

Ал, Баб Араб және Үндемес ата кесенелерін зерттеу барысында археологиялық материалдар тарихи фотосуреттермен салыстырылып, бұл ескерткіштердің XIX ғасырдың соңында тұрғызылғаны ғылыми тұрғыдан дәлелденген. Әсіресе, 1910 жылы түсірілген тарихи фотосурет олардың бастапқы сәулеттік келбетін қалпына келтіруде маңызды дереккөзі болған.

Үндемес ата кесенесінің құрылыс ерекшеліктері де археологиялық зерттеулер арқылы нақтыланды. Қабырғалардың әртүрлі өлшемде қалануы, батыс бөлігінің созылыңқы жобасы және алғашқы құлпытастың күйдірілген кірпіштен өрілуі ескерткіштің тарихи кезеңі мен сәулеттік ерекшеліктерін анықтауға негіз болды.

Сарапшылардың пікірінше, қазіргі мәдени туризмнің басты талабы туристке тек тарихи нысанды көрсету емес, оның ғылыми тұрғыдан дәлелденген тарихын ұсыну. Мұндай тәсіл тарихи мұраның танымдық құндылығын арттырып, мәдени туризмнің сапасын жаңа деңгейге көтереді. Сондықтан археологиялық зерттеулерге сүйене отырып әзірленген маршруттар халықаралық тәжірибеде де ең өміршең туристік өнімдердің бірі саналады.

Осы тұрғыдан алғанда Түркістандағы жаңа туристік бағыттың ерекшелігі оның тек сәулет ескерткіштерін қамтуында емес, әрбір нысанның ғылыми негізде зерттеліп, қайта жаңғыртылуында. Бұл бағыт Марат Тұяқбаевтың көпжылдық археологиялық ізденістерінің нақты нәтижесін көрсетіп қана қоймай, ғылыми мұраны туризм индустриясымен ұштастырудың тиімді үлгісі ретінде де маңызға ие.

Әлия БІЛДЕБЕКОВА,

«Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы,

«Ғылыми жарияланымдар және медиакоммуникация»

бөлімінің басшысы

Толық немесе ішінара пайдаланғанына қарамастан, сайт материалдарын пайдаланған кезде міндетті түрде uakytnews.kz сайтына сілтеме жасауыңызды сұраймыз.

Сайт әкімшілігі

Жаңа

Ұрпақ болашағына қызмет еткен ғалым

Еліміздің гидрогеология саласының дамуына елеулі үлес қосып, саналы ғұмырын халқына қызмет етуге арнаған азаматтардың бірі – гидрогеология ғылымының ардагері,...