Депутат Қаржы мониторингі агенттігін соңғы үш айдағы валюталық интервенциялар, оның ішінде шетел валютасын сату және сатып алу туралы ақпаратты талдауға шақырды, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов Ұлттық банк басшысы Ғалымжан Пірматовтың атына жолдаған сауалында Ұлттық банк еркін нарықтық бағамды жариялай отырып, белсенді түрде интервенция жүргізіп жатқанын айтты.
«Ұлттық банк жүргізіп отырған еркін құбылмалы мөлшерлеме елес сияқты – жұрт айтып жатыр, бірақ оны ешкім көрмеген. Тұтастай алғанда, 2021 жылғы қараша мен желтоқсанда валюталық сауда-саттық көлемі 3,6 және 4,2 миллиард доллар болды. 2022 жылғы 12-31 қаңтар аралығында – 2,5 миллиард доллар. Соңғы 3 айда 10 миллиард АҚШ доллары. Бұл Қазақстан тарихындағы валюталық сауда-саттықтың орасан зор көлемі. Әрі басым бөлігі Ұлттық банктің қатысуымен өткен.
Мәселен, теңгенің бағамын ұстап қалу үшін 2022 жылғы 12-13 қаңтарда Ұлттық банктің валюталық интервенция көлемі 240 миллион АҚШ доллары болды. Бұл жалпы сауда-саттық көлемінің шамамен 50 пайызы. Ұлттық банк валюталық интервенцияларды 2021 жылғы қараша мен желтоқсанда да жүргізді – олар бойынша сальдо 500 миллион АҚШ долларына жуық», – деді Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов.
Ол 2022 жылдың қаңтарындағы валюталық интервенциялар туралы мәліметтер әлі жарияланбағанына шағымданды.
«Алайда бұл цифрлардың өзі де таңғалдырады. Көлемі бойынша оларды Денсаулық сақтау немесе Білім және ғылым министрліктерінің шығындарымен салыстыруға болады. Кімнің мүддесінде интервенциялар жүргізіліп, резервтер жұмсалды? Бұл импорттық мәмілелерді жүргізу үшін емес, алыпсатарлық сұранысты қанағаттандыру үшін жасалды. Қарапайым сөзбен айтқанда, ақшасы барлар долларды Ұлттық банк есебінен «жақсы бағам» бойынша сатып алды. Әрі бұл ақша шетелге шығарылған сияқты», – деді ол.
Оның айтуынша, нарықтың кәсіби қатысушылары да теңге бағамы неге байланысты екенін түсінбейді.
«Мұнай бағасы өседі немесе төмендейді, бағам өзгермейді немесе мүлдем басқа жаққа қозғалады. Ұлттық банк валюта нарығына араласады, бірақ өзі бағамның қандай нысаналы мәндерін қолдайтынын түсіндірмейді. Екінші жағынан, еркін құбылмалы бағам туралы мәлімдейді.
Бағамның алдын ала болжап білуге болмайтыны оған деген сенімсіздіктің басты себебіне айналды. Сондықтан, адамдар үнемі девальвацияны күтумен өмір сүреді», – деді ол.
Ұлттық банк Қаржылық мониторинг агенттігімен бірлесіп, валюта нарығындағы алыпсатарлықты тоқтату бойынша шаралар әзірлеп, валютаны сату мен сатып алуды қоса алғанда, күн сайынғы негізде валюталық интервенциялар туралы деректердің жариялануын қамтамасыз ету қажет деп есептеймін, деді ол.