Өзгеретін, өзгертетін Уақыт!

-21 C
Nur-Sultan
-11.1 C
Almaty
-10.7 C
Shymkent

ЭКС-СУДЬЯ ӘДІЛДІК ІЗДЕЙДІ

2020 жылдың соңында Шиелі аудандық сотында судья болып еңбек етіп жүрген Гүлнұр Құрманбайдың есімі Azattyq Rýhy ақпараттық сайтының тілшісіне берген сұхбатынан кейін күллі республикаға етене таныс болды.

Танымал

Ел аузында

Ол сұхбатында аудандық соттың төрғасы төсектес болуға шақырғанын, жыныстық қатынастан бас тартқан соң декреттік демалысқа шығуға мәжбүр болғанын айтады. Салдарынан қоғамдық резонанс туып, аталған іске қатысты 2021 жылдың 10 желтоқсанында сот үкімі шығады. Дегенмен жұртшылық арасындағы әңгіме басылар емес. Бұған себеп, жақында ғана редакциямызға Гүлнұр Құрманбайдың әкесі Құрманбай Жулекбаевтан Жоғарғы Сот төрағасының назарына арналған хаты келіп түсті. Аталмыш хатты да оқырман қауымға ұсынуды жөн көрдік, – деп хабарлайды UAKYTNEWS.KZ.

Жоғарғы Сот төрағасының назарына!

Экс-судья әділдік іздейді

Судьялардыңқызметіне қатысты мәселенің бәрі халыққа қызық. Ал судьяның қызметінде кемшілік бар десе елеңдемейтін адам жоқ. 2020 жылдың соңында Шиелі аудандық сотында судья болып еңбек етіп жүрген Гүлнұр Құрманбайдың есімі де жұртшылыққа шулы жағдайға орай етен таныс болды. Azattyq Rýhy ақпараттық сайтының тілшісіне сұхбат берген Г.Құрманбай «аудандық соттың төрғасы төсектес болуға шақырды» деп айды аспанға бірақ шығарды. «Гүлнұр Құрманбайдың заң саласында жүргеніне 20 жыл, Шиелі аудандық сотының судьясы болып жұмыс істегеніне 8 жыл болған. Аудандық соттың 37 жастағы төрағасы қол астындағы бойдақ келіншекті «қалағанына» көндіре алмаған соң, қыспаққа алған көрінеді. 39 жастағы келіншек басшылықтың мұндай қысымына шыдай алмай, бала күтіміне байланысты еңбек демалысына шығып кеткен. Тіпті, өзіне ерсі ұсыныс жасаған төрағаның әрекетін тізіп, Жоғарғы сотқа да шағымданыпты» деп жазылған бұл мақалада.

«Өзі соттың төрағасы болса, өзі әділдік кепілі болса, төрағаның қол астындағы судьяға қиянат жасауы қаншалықты мүмкін?» деп бұл сөзге күдікпен қарағандар да, «Жел соқпаса шөптің басы қимылдамайды» деп төрағаны жерден алып, жерге салушылар да ол тұста аз болмады. Содан бері арада бір жыл өтті. Басы дауға қалған Шиелі аудандық сотының бұрынғы төрағасы  қазір түк болмағандай Түркістан облысындағы аудандық соттың бірінде төрелік туды. Ал сол тұста бала күтіміне байланысты уақытша демалысқа шыққанымен, артына қоңырау байланған Гүлнұр Құрманбайдың қазіргі халі нешік? Төраға ауысқаннан кейін тірлігі түзелді ме? «Уақыт емші» демекші, күніне алуан түрлі ақпараттың ағынына ілесе алмай сарсылған қарапайым жұрт » әйел құмар» деп айыпталған төрағаны да, өзін ақпын деп дәлелдемек болған судья-келіншекті де ұмытып кеткен. Ел ұмытып кеткенімен, Гүлнұр Құрманбайды құзырлы орындар «қалпағының» астынан шығармаған екен.

Қызылорда қалалық №2 сотының 2021 жылдың 10 желтоқсан күнгі үкімімен Г.Құрманбай Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 369-бабы 3-бөлігімен жауапқа тартылған. Осылайша оған ҚК-нің 418-бабы 1-бөлігімен судья қызметін атқару құқығынан 5 (бес) жылға айыра отырып, 5 (бес) жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы заңының 3-бабы 2-тармағының 1-тармақшасына сәйкес, негізгі жаза мерзімінің жартысын қысқартып, судья қызметін атқару құқығынан 5 (бес) жылға айыра отырып, 2 (екі) жыл 6 (алты) айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. Ал оның хатшысы Қыдыралиеваны 2 жылға бас бостандығынан айыруға, жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерінде өтеуге  үкім шығарды.

Әрине, қылмыстың өтеуі – жаза. Дегенмен, ҚПК-нің 393-бабы 3-бөлігіне сәйкес айыптау үкiмiн болжамдарға негiздеуге болмайды және ол сот талқылауы барысында сотталушының қылмыстық құқық бұзушылық жасауға кiнәлілігі соттың зерттеген дәлелдемелерiнiң жиынтығымен расталған жағдайда ғана шығарылады. Ал Құрманбайға тағылған айыптың негізді екеніне де күмән көп.   

Атап айтқанда, Г.Құрманбайға «2019 жылғы 10 қазаннан 1 қарашаға дейінгі уақыт кезеңінде Шиелі аудандық сотының сот отырысының хатшысы Е. Қыдыралиеваның  көмегімен тікелей пиғылмен, талапкерлер үшін пайда мен артықшылықтар алу мақсатында, 11 істің, оның ішінде 8 талапкер хатшы Е.Қыдыралиеваның жақын туыстары үшін, азаматтық істер бойынша мән-жайды толық, жан-жақты және объективті анықтауды, дәлелдемелерді зерттеуді және олардың анықтығын тексеруді қамтамасыз етпей, атқарып отырған лауазымы мен тәжірибесіне байланысты нақты білсе де, ҚР Азаматтық процестік кодексінің 38, 39, 151, 163, 196, 224, 281, 282-баптарының және ҚР Азаматтық кодексінің 118, 188, 235-баптарының талаптарын өрескел түрде бұза отырып, ресми құжаттарға, олардың нақты мазмұнын бұрмалайтын көрінеу жалған мәлiметтердi енгізу арқылы 12 азаматтық іс бойынша көрінеу әділетсіз шешімдер шығарған» деген айып тағылған.

Бұл айыптауды қалай түсінуге болады? Сонда судья Құрманбай тек сот хатшысының айтқанымен шешім қабылдаған ба? Әлде сот хатшысы Е.Қыдыралиеваның таныстары шетінен сотты бола берген бе? Бұл қандай қисынға сияды?

Сот тергеуінде жауап берген Е.Қыдыралиева мен Г.Құрманбайдың жауаптарына сәйкес, төрағалық етуші судья Г.Құрманбайға іс бойынша тараптар ретінде өтіп жатқан тұлғалардың хатшының туысқандары екендігі туралы мәлім болмағаны анықталды. Е.Қыдыралиева өз жауабында судья Г.Құрманбайға талап иесінің өзіне туыс екендігін айтпағанын және оң шешім шығару туралы сұрамағанын көрсеткен. Бұл жауаптар Г.Құрманбайдың біреуге артықшылық көрсету мақсатындаөзінің қызметтік өкілеттіктерін құқыққа қайшы пайдаланып, көрінеу әділетсіз шешім шығарды деген пайымдаудың нақты дәлелдемелермен қуатталмағанын көрсетпей ме?

«Сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңның 39-бабының 3-тармағына сәйкес, судьялық қате, сондай-ақ сот актiсiнiң күшiн жою немесе оны өзгерту, егер бұл ретте жоғары тұрған сот сатысының сот актiсiнде көрсетiлген, заңды өрескел бұзушылықтарға жол берiлмеген болса, судья жауаптылығына алып келмейді. Өкінішке орай, Қызылорда қаласының №2 сотының судьясы Ж.Жакеева дәлелдің жоқтығын да, судья мәртебесін де ескермеген. Ал төрелік алаңында қос тарап болады. Бір тарап судьяның шешіміне риза болса, екінші тарап өкпесін арқалап кетеді. Қателескен судьяның бәрін түрмеге қамай берсек, сот саласында бедел қала ма? Оның үстіне, болжаммен кінәсін жинақтасақ, сот алаңында төрелік етер тірі жан қалмас.

Сот саласындағы 20 жылдық жұмыс тәжірибесінде талай алғыс алып, өз кәсібін жетік меңгерген Гүлнұр Құрманбай секілді мамандар осылай шырмауыққа шырмалып, ақтығын дәлелдей алмай жатса, салаға енді араласқан судьялардың халі нешік екен? Апелляция арқылы өз құқығын қорғағалы отырған Гүлнұр Құрманбайдың ісін Жоғарғы Сот төрағасы назарында ұстап, қателіктің орын алмауын қадағаласа нұр үстіне нұр болар еді.

Жоғарыда жазылған хатқа байланысты, біз, өз тарапымыздан Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметінің басшысы Ардақ Смағамбетоваға хабарласып, пікір беруін сұрадық. Және баспасөз қызметінің өтінішімен сауалымызды ресми жолдадық. Алдағы уақытта Қызылорда облыстық соты арызға байланысты өз пікірін береді деп сенеміз.

Толық немесе ішінара пайдаланғанына қарамастан, сайт материалдарын пайдаланған кезде міндетті түрде uakytnews.kz сайтына сілтеме жасауыңызды сұраймыз.

Сайт әкімшілігі

Жаңа

«Dauletten» қоры 74-баспананың кілтін төртбалалы анаға сыйлады

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, «Dauletten» қайырымдылық қоры жүрегі таза, мейірімді азаматтардың қолдауымен тағы бір отбасыға бақыт сыйлап, баспананың...