Қаңтар оқиғасына байланысты барлығы 22 мыңнан астам адам тексерілді, деп мәлімдеді ҚР бас прокуроры Берік Асылов, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
«Бүгінгі күні 35 мыңнан астам жедел-тергеу іс-қимылы, оның ішінде 20 мыңы – тексерулер, жауап алу, тінту жүргізілді. 3,5 мың сот сараптамасы тағайындалды. Барлық орган бойынша тұтқындалғандардың жалпы саны – 766 күдікті. Негізгі көпшілігінде – бұл жұмыссыз, жоғары білімі жоқ 30 жасқа дейінгі жастар», – деді Берік Асылов.
Әрі қарай бас прокурор олардың ішінде деструктивті діни ағымдардың 19 жақтаушысы, тыйым салынған экстремистік ұйымдардың 27 белсендісі, ұйымдасқан қылмыстық топтардың 24 мүшесі болғанын айтты.
«Мысалы, «Дикий Арман» деген лақап атпен танылған Жұмагелдиев пен оның тобының 14 мүшесі қамауда. Мұндай адамдардың жоғалтатын ештеңесі болмады және олар әртүрлі қылмысқа оңай барды – дүкендерді қиратты, тонаумен айналысты, әкімшілік ғимараттарға шабуыл жасады», – деді бас прокурор.
Жалпы, жасалған қылмыстарға қатысы бар-жоғы 22 мыңнан астам адам тексерілді.
Айта кетсек, Алматы қаласында ҰҚКД-ның алты қызметкері «Дикий Арманның» қылмыстық тобы ұрлап кеткен 24 азаматқа азаптаулар қолданды деген күдікке ілінді. Нәтижесінде, барлық жәбірленуші дене жарақатын алып, бір адам көз жұмды. Алматы облысы ҰҚКД-ның тағы екі қызметкері бұрын уақытша ұстау изоляторында ұсталған адамды ұрып-соғып, өлтірді деген күдікке ілінді.
Тергеу әлі жалғасып жатыр.