Елдің жағдайы шынымен қиын. Жалғыз жағар-жанармай я газ ғана емес, азық-түліктің бағасы күннен күнге шарықтап барады. Дүкенге кірсең, көп дүние алмай-ақ айлығыңның жартысын қалдырып кетесің. Үкімет құдды бар статистикасын ірі қалалардың жағдайымен жасақтайтын сияқты көрінеді. Олай болса да жетісіп тұрғаны шамалы. Ал, ауылдың жағдайы тіпті мүшкіл. Бөрі аштығын білдірмейдінің кері ғана болмаса, ертеңіне деген елдің сенімі аз. 30 жылда газ немесе бензин өндіретін 30 зауыт салмасақ та, 10 зауыт салуға уақытымыз да шамамыз да жететін еді.
Бәрін түсінемін, Ресейдің саяси ойындары, басқа да талай-талай түйткілдер, факторлар бар. Дегенмен, саяси жігер бар жерде, бәрін жасауға болатын еді. Саяси жігер болғанның өзінде, ол ең алдымен, ел мүддесін қорғауға, елдің болашағына бақытталуы парыз. Олай болмады, өкінішке қарай. Әдемі диаграммаларға сендік. Шетелдік терминдерге тұнып тұратын баяндамалар «құлақ құрышымызды қандырды». Халық көнбіс. Бірақ төзім шексіз емес қой. Қазір Қазақстан таксистер еліне айналды. Тәулік бойы белі қайысып, жүйкесі жұқарса да, Яндекстің қойып берген жоспарын орындау міндет. Амал жоқ, бала-шағаны асырау керек. Содан елдің көбісі арзан газбен жүретін автокөліктерге ауысты. Газбен жүретін автокөліктердің көбейіп жатқанын Үкімет неге ертеден болжамаған? Қосымша кәсіпорындар ашуға неге асықпаған? Енді елдің наразылығына ұшырап отыр. Ақын я жазушы қашанда халықтың жағында. Ал, халық айтса қалт айтпайды. Демек, себеп бар. Бір емес, көп себеп бар. Сондықтан, Үкімет әлеуметтік мәселелерді тез арада шешуі керек, не халықтың жағдайын ойлайтын, жан-жағына алақтамай тез шешім қабылдайтын Үкіметке орын беру керек. Президентіміз қолынан келгенін істеп бағуда, ал, Министрлер кабинеті Мемлекет басшысының тапсырмаларын сиырқұйымшаққа салмай тиісті деңгейде әрі шұғыл орындауы қажет. Үкіметтің міндеті де сол. Әйтпесе бізде бәрі бастық.
Шопан көп болса, қой арам қатадының анық көрінісі қазір. Үкіметтік комиссия құрылыпты, Ақтауда жиналыс ашып, жұмыс істеп жатқан көрінеді. Әңгіме жоқ. Бірақ, Үкімет өрт сөндірушілер сияқты емес, аналитика мен болжамға сүйенетін әбжіл құрылым болуға тиіс.Дәл бүгінгі қалыптасқан жағдайда баршамыздың міндетіміз – ширығып тұрған жағдайды ары қарай лаулатпай, сабыр сақтап, биліктің шешімін күту. Комиссия жұмысының қорытындысын тосу. От жағып, бәрін қырып жоюға шақыру – парасаттылықтың белгісі емес. Аман елдің аты шығады деген. Ең бастысы Үкіметке қоғамның позициясы белгілі болды. Нәтижесін күтейік. Бұл айтқанымды сан-саққа жүгіртіп, «сенің де жағдайын белгілі болды» деп жүрмеңіздер. Бұл менің нақты позициям. Елге тыныштық керек, тыныш өмірдің жеңістері көп болады тегінде. Оның үстіне қазір оқып отырмын, Маңғыстауда қоғамдық комиссия құрылыпты. Ол азаматтар да халықтың талаптары толық орындалуын қадағаласа екен деген тілек бар.